Алматы аумағы бей-берекет жайылып, үйлесімсіз өсті – Ерболат Досаев

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бір миллион адамға ғана есептелген Алматы соңғы жылдары үйлесімсіз өсті. Бұл туралы Ерболат Досаев XVIІ қала құрылысы форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала өте тез өсті, сондықтан мегаполис пен оның тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шұғыл шешімдер қабылдау керек болды. Оның үстіне, қала үйлесімсіз өсті, өйткені, 1 миллион адамға ғана есептелген»,- дейді әкім.

Оның айтуынша, әр қала өз даму жолын таңдауы тиіс.

«Қаланың даму жоспарына жаңадан қосылған аумақтар мен Алматының жаңа аудандарын құру мәселесі үлкен өзгерістер енгізді. Біз бүгін ізденіс үстіндеміз. Қала қалай дамығаны жөн - осыны анықтау қажет. Әр қала өзінің даму жолын таңдайды. Алдын ала айтарым, алдағы дүйсенбіде қалаға қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мәслихат отырысы өтеді. Бұл – құрылыс ережелерін өзгерту және қала құрылысы кеңесін қайтару туралы шешімдер»,- деді қала басшысы.

Сонымен қатар, ол 2023 жылдан бастап қаланың сәулет бейнесіне конкурс жарияланатынын айтты.

«Креативті экономиканы дамыту рейтингі бойынша елімізде көшбасшы позициясында тұрмыз. Алматы тұрғындары өте дарынды. 2023 жылдан бастап қаланың архитектуралық бейнесіне конкурс жарияланады. Біз енді бір нұсқаны қабылдамаймыз, қала ең жақсы жобаларды таңдауға құқылы болады. Компаниялар үшін жер аукциондары ұйымдастырылады. Ең жақсы жобаны кім ұсынса, қала соған артықшылық береді. Оның үстіне жеке инвестицияның рөлін арттыру керек деп санаймын, сондықтан жекеменшік иелері қалаға, елге ғана емес, өздері үшін де қалатын активті алғысы немесе салғысы келеді»,- деді Ерболат Досаев.

Мегаполис басшысы бас жоспарға сәйкес қала үшін жарғы немесе кодекс болуы керек екенін тілге тиек етті.

«Алматы бұрын салынған сәулет жетістіктерімен өмір сүріп жатыр. Оларды әрлейміз әрі ретке келтіреміз. Шын мәнінде, жаңа Алматының, жаңа Қазақстанның символына айналған нәрселер саусақпен санарлық. Мен олардың көп болғанын қалаймын. Ол үшін жағдай жасаймыз. Тұрғын үй құрылысының шекарасын нақты бөлуіміз керек. Сондай-ақ, қала архитектурасы деген не және тұрғын үймен қамтамасыз ету түріндегі әлеуметтік проблемаларды шешу деген екі мәселені бөліп қараған жөн. Бас жоспарға сәйкес қала үшін жарғы немесе кодекс болуы керек және ол қатаң сақталуы тиіс»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар