Алматы әуежайының аумағы екі есе ұлғаяды

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Facebook желісіндегі парақшасы арқылы қала әуежайындағы қызмет сапасын арттыру мақсатында соңғы 2 жылда атқарылған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Алматы әуежайының жағдайы 2017 жылға дейін мүшкіл болды. Ауа райының күрделігіне байланысты жылына 200 рейс бөгеліп қалатын. Әуе компаниясының шығындары 1 млрд теңгеге дейін жетті. 30 мыңға жуық жолаушы рейстің кешігуінен зардап шекті», - деді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, осы тектес проблемалар әлемнің бірқатар әуежайларында Гельмут Шмидт (Гамбург, Германия), Аурел Влайку (Бухарест, Румыния), Дон Муанг (Бангкок, Таиланд) әуежайларында болған.

Бұл түйткілді мәселенің шешімі ретінде ұшу-қону жолағының қайта жасау, аймақты кеңейту, жаңа терминалдарды ашу сияқты шаралар атқарылды.

Соңғы екі жылда Алматы әуежайында екі ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол шетіне заманауи жарықтандыру құралдары қойылды. Бұған 8 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.

Соның нәтижесінде әуежай ауа райының қолайсыздығына қарамастан әуе кемелерін қабылдай бастады. Сағатына 8-20 ұшақ қабылдай алады. Жолаушылар айналымының көрсеткіші де жылына тұрақты 5,8 миллионға жетті.

«Жұмыстар мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта әуежай ғимараты екі есеге ұлғаятын болды. Қазір қасына ғимарат қосу туралы тұжырымдама дайындалып жатыр. Бұл әуежай алаңын 2,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жолаушылар санын жылына 13 миллионға жеткізу, екі телескопиялық трап, автотұрақты 2 мың орынға дейін кеңейту жоспарда бар», - деді Ерлан Әукенов.

Сонымен қатар, борттан тамақтануды қамтамасыз ететін жаңа цехтың жобасы аяқталды. Цехта тәулігіне 15 мың порция тамақ жасалады. Құрылыс 2019 жылы басталады.

null null 

Соңғы жаңалықтар