Алматы әуежайында шетелден келген барлық жолаушы тексеруден өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әуежайында бақылау күшейтілді. Елге келген барлық жолаушыны арнайы медициналық құрылғымен тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Айман Жақанбаеваның айтуынша, әуежайда заманауи тепловизорлар бар.

«Бұл құрылғы екі жыл бұрын орнатылған. Тәулік бойы жұмыс істейді. Ол дене қызуы жоғары жолаушыларды бірден анықтап есепке алады. Мұндай жағдайда құрылғы автоматты түрде тепловизорға белгі береді. Ал біз планшет арқылы білеміз », - деді Айман Жақанбаева.

Ол дене қызуы жоғары жолаушыларды дереу арнайы бөлмеге жіберетінін атап өтті. Онда дәрігерлер оны толықтай тексеріп шығады, содан кейін науқасты ауруханаға жатқызу немесе босату туралы шешім қабылданады. Өткен жылы дене қызуы жоғары 38 жолаушы анықталған.

Сапа және бақылау департаментінің санитарлық-карантинді бақылау бөлімінің бастығы Рыскүл Мейірманованың айтуынша, Қытайдағы жағдайға байланысты әуежай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Жыл басынан бері Қытайдан 7600 адам ұшып келді. Бізден оларға 4 мыңнан астам жолаушы ұшып кетті. Рейстер қысқартылған жоқ. Бәрі жоспарға сай жүріп жатыр. Біз тек Қытайдан ғана емес, сонымен қатар басқа елдерден ұшып келген барлық жолаушылармен алдын алу шараларын жүргіземіз», - деп толықтырды Рыскүл Мейірманова.

Оның айтуынша, температурасы көтерілген азаматтар әуежайда тіркелген жоқ. Бүгінгі күні жағдай тұрақты.


Соңғы жаңалықтар