Алматы әуежайында бір тәуліктен аса ұшақ күткен жолаушылар бүгін сапарға шығады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Тайландқа ұша алмай 1,5 тәулік бойы әуежайда қаңтарылған жолаушылар Пхукетке бүгін түсте ұшатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Scat әуе компаниясынан хабарлағандай, жолаушылардың біразы кеше, яғни 14 ақпанда ұшып кеткен.

Екінші легі бүгін түсте Тайландқа ұшады. Жолаушыларды басқа әуе компаниясының ұшағы жеткізеді.

«Кеше 22:00-де әуе компаниясы Пхукет қаласы әуежайынан ұшуға рұқсат сұрады. Ұшу алдындағы дайындық кезінде қосымша техникалық жөндеу жүмыстары керек екендігі анықталды. Компания бұл ұшақты басқа әуе кемесімен ауыстыру туралы шешім қабылдады. Осылайша 186 жолаушы Пхукетке 23:00-де ұшып кетті. 104 адам бүгін 14:00-де ұшатын болды. Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыз жағдай үшін кешірім сұрайды. Қауіпсіздік біздің компания үшін басты назарда», - деді әуе компаниясы.

Әуе компаниясының хабарлауынша, кеше түнде жолға шыққан ұшаққа бар жоғы 186 адам сыятын болғандықтан, олар жолаушыларды екі кемеге бөліп отырғызуға мәжбүр болған.

Scat барлық жолаушыларға келтірілген материалдық шығындарды толық өтейтінін хабарлаған болатын. Ол үшін билет сатып алынған турагенттікке хабарласу керек.

Айта кету керек, Scat әуе компаниясының Алматы-Пхукет рейсінің жолаушылары Алматы әуежайында 1,5 тәуліктен аса уақыт қаңтарылып қалған еді. Біраз адам үйді үйіне қайтып, қалған 160 адам жақын арадағы қонақүйге орналастырылды.

Рейс Пхукет әуежайының ұшу-қону жолағының жөндеуге жабылуына байланысты бөгеліп қалды.

Соңғы жаңалықтар