Алматы әуежайы маңында апатқа ұшыраған ұшақ қара жәшігіндегі деректер анықталуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Үкіметі апатты анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерінен сараптамалық комиссия құрды. Қазіргі кезде комиссия мүшелері әуе кемесі құлаған жерде. Борттағы қара жәшіктегі деректерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, оның нәтижелері жақын арада жарияланады», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз хабарламасында.

Қаза тапқандардың туыстары және жақындарымен психологтар жұмыс істеуде, сондай-ақ медициналық көмек көрсетуге Алматы қаласындағы ҰҚК ауруханасының мамандары қатысуда.

«Е.Васильковтың ата-анасының Петропавлдан Алматыға ұшуы үшін арнайы борт ұйымдастырылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, соның ішінде ғұрыптық іс-шараларды ұйымдастыруға қажетті материалдық және басқа да көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізуде», - делінген делінген ҚР ҰҚК баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, Алматы әуежайы маңында әскери ұшақ апатқа ұшырап, 4 адам қаза тапты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырған болатын.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар