«Алматы-Астана» трассасында бірде-бір жол белгісі стандартқа сай емес
2018 жылғы 19 қараша 16:36

«Алматы-Астана» трассасында бірде-бір жол белгісі стандартқа сай емес

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы - жол апаттары мен ондағы адам өлімдері бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Бұл туралы бүгін Халықаралық жол апаты құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол полициясының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда 3,5 мың жол апаты болған. 114 адам қайтыс болса, 4 мың адам жарақат алған.

«Өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8 адамға көп. Жалпы, 2011 жылдан бері тіркелген жол апаттарының саны 50-100-ге азайып келеді. Адам өлімі төмендеу үрдісін көрсетіп келе жатты. Бірақ биыл олардың саны 8 адамға көп. Мұның негізгі себебі, қаза болған 114 адамның 69-ын жаяу жүргіншілер жолында қағып кеткен. 20 жағдайда жүргізушілер көлік руліне ие бола алмай, қоршауға, бағанға соғылған. Онда жолаушылар зардап шеккен»,- деді қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.

Оның айтуынша, қалада жол апаттарының санын азайту мақсатында жерасты және жерүсті жолдары салынған. Жол белгілері қойылып, автобустарға бөлек жолақ берілді.

«Біз жолда бұрынғыдай көп тұрмаймыз. Құқықбұзушылықтарды анықтайтын жаңа тәсілдер қарастырып жатырмыз. Алматыда 104 фото-видео пост қойылған. Сонымен қатар «Жол Ақ» видео-тіркегіші, «Сергек» видео-жүйесі, «Қауіпсіз жол қозғалысы» ақпараттық жүйесі бойынша қосымша 142 камера орнатылады», - деді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан жол-көлік апаттарының ауыр салдары бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Қазақстанда алғашқы алты айда 6743 жол апаты болып, оларда 783 адам көз жұмды, 9,4 мыңы жарақат алды. Осы кезеңде ең көп жол апаты Алматы (2477) мен Алматы облысында (917) тіркелген.

«Қазақстанда жол апатынан көз жұму ықтималдылығы Норвегия елімен салыстырғанда 11 есе жоғары. Жолдарымызда жылына 3 мың адамның өмірі қиылып, 30 мың адам жарақаттанады. «Нөл апаттар» әлеуметтік жобасы аясында біз Алматы-Астана тас жолын автокөлікпен жүріп өттік. Өкінішке орай, елдегі республикалық маңызы бар негізгі трасса ең қауіпті болып шықты. Бұл жолдарда неге адам өледі? Көбінесе жүргізушілер қарсы бетке шықпақ болғанда соғылады. Жолдағы бірде-бір белгі жарыққа шағылысу және көлемі бойынша ГОСТ стандарттарына сай болмай шықты. Жүргізуші жолдағы кедергіні алдын ала көріп отыруы тиіс. Автомобиль - әлемдегі ең қауіпті көлік түрі. Тіпті ұшақ апаттарынан қаза болатындар саны мыңнан аспайды. Мемлекет барлығын бақылай алмайды. Сондықтан, жолдағы ахуалға ықпал ету үшін бизнес пен белсенділер қосылды», - деді «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының бас хатшысы Алексей Алексеев.

Айта кету керек, баспасөз мәслихатына Екатерина Парафиева қатысты. Келіншек 2017 жылы әл-Фараби даңғылында жол апатына түсіп, қос аяғынан айырылған болатын.

«Жол қауіпсіздігінің жоқтығын өз басымдағы жағдайдан білемін. Дөңгелекті қарау үшін сыртқа шығып, апаттық белгіні қоям дегенше 30 секунд ішінде мені қағып кетті. Бұл не себептен болды? Телефонмен сөйлесу ме, жылдамдықты асыру ма? Оны айта алмаймын. Мен енді қазір жол қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығын айтқым келеді», - деді Е. Парафиева.

Мамандардың айтуынша, жылына әлемде 1,21 адам жола апатынан көз жұмады.

Jańalyqtar

MURAǴAT