Алматы - археологиялық ескерткіштерге бай қала - археолог

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 15 тамыз - Археологтар күні. Кәсіби мерекенің жазда атап өтілуі бекер емес. Себебі, археологтар үшін бұл - дала маусымы жұмысының нағыз қызған шағы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Ә.Марғұлан атындағы археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымның айтуынша, қазіргі уақытта археологтардың көпшілігі жазықта, экспедицияларда, археологиялық орындарды қазып, зерттеп, көне заманның жаңа нысандарын іздеуде.

«Бүгінде елімізде 15 археологиялық жасақ жұмыс істейді. Экспедициялар барлық бағыттар бойынша жүргізіледі. Бұл - тас, қола ғасыры, ерте темір ғасыры және орта ғасыр дәуірі. Мысалы, осы маусымда Ақтөбе облысының аумағында қоладан құйылған металлургиялық пештер анықталды. Егер бұрын мұндай металлургиялық олжалар негізінен Орталық Қазақстан аумағында болса, бүгінде археологиялық отрядтар жұмысының нәтижесінде тау-кен ісінің басқа өңірлерде де дамығаны белгілі болды», - деді спикер.

Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан облысында зерттеулер іске асырылуда, сондай-ақ, Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан сармат жауынгерін қайта реконструкциялау жүргізілуде.

Ғалымың айтуынша, Алматы - археологиялық ескерткіштерге өте бай қала. Мысалы, қазба барысында табылған көне тиындар соның айғағы.

«Біздің қаламызда орта ғасыр ескерткіштері өте көп. Темір ғасырының қорғандары, елді мекендері жиі кездеседі. Алма-Арасан ауданындағы шекара маңы аймағында бұрындары табылған қалашықтар бар. Алматының жоғарғы бөлігінде археологиялық олжалар болуы әбден мүмкін», - деді Талғат Мамыров.

Ол сондай-ақ институт қызметкерлерінің алдында табылған заттарды толық түгендеу, оларды сипаттау және ғылыми айналымға енгізу міндеті тұрғанын атап өтті.

Сөз соңында Талғат Мамыров қалай археолог болуға болатынын айтып берді.

«Археолог болу үшін зерттеушінің археология бойынша базалық білімі болуы керек. Бұл тарихшы болуы мүмкін. Сондай-ақ археологтарды «күрекпен қаруланған тарихшылар» деп бекер атамаған.

Қазақстанда археологтарды бес жоғары оқу орны дайындайды. Олар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Бекетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Яссауи атындағы Қазақ-түрік университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті сияқты жоғары оқу орындары», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар