Алматы әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары қарқынын көрсетіп отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қаланың 2015 жылдың 9 айы бойғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылау бойынша жиын өтті. Отырыс барысында белгілі болғандай, қалада экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны байқалған.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы М.Қиқымовтың айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 361,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3,6 %-ға артық.

Оң көрсеткіш несиелендіру саласы бойынша да айқындалып отыр.

Қаңтар-тамыз аралығында ЕДБ экономикалық субьектілерге 3 трлн. 699,2 млрд. теңге көлемінде несие берген. Депозит көлемі де 20,2%-ға артып, 3 трлн.476,2 млрд. теңгені құрады.

Жыл басынан бері 977,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта кету керек, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 %-ға артық. Өндіріс саласында да дамудың оң көрсеткіші тіркелді.

2015 жылға қала бюджеті 437,9 млрд теңге болды. Жыл соңына дейін экономика өсімі 2,5% болады деп болжанып отыр.

9 ай ішінде қалалық бюджетке 934,1 млрд көлемінде салық түсті. Әлеуметтік саланың дамуында да тұрақтылық байқалған. Жұмыссыздық көлемі 5,2% болып отыр. Жылдың басынан бері жұмыспен қамту орталығында 13 389 адам тіркелген. Олардың 10 405-і яғни, 77,7%-ы жұмысқа орналасты.

Қала басшысы әлемдік экономикадағы күрделі ахуалды ескере отырып, ағымдағы жылды сәтті аяқтауға бар күшті салуды тапсырды.

«Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау керектігін көрсетеді. Сондай-ақ, қаланың экономикасында да қор қалыптастыруға мәжбүрлеп отыр», - деді Б.Байбек.

Қала әкімі бұл бағытта Мемлекет басшысының ШОБ-ты қолдау бойынша берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау керектігін жеткізді.

Ол үшін өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жүйелі жоспар жасап, өндірістік кәсіпорындардың қуаттылығын барынша іске қосу қажет.

Қала басшысы өзінің орынбасары Ерлан Әукеновке ШОБ нысандарын қолдауға бағытталған «Жібек жолы» қалалық бағдарламасының тиімділігін арттыруға тапсырма берді. Қазіргі таңда бұл бағдарлама аясында бөлінген 4 млрд теңгенің 25%-ы ғана жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, жиын барысында коммуналды кәсіпорындарды жекеменшікке беру, жер телімдерін бәссауда арқылы сату, балабақшадағы орын тапшылығын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту арқылы жою мәселесі тілге тиек етілді.

Өз сөзін қорытындылай келе шаһар басшысы Алматының енді 2020 жылға арналған даму бағдарламасына сәйкес дамитынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар