Алматы әлем мегаполистерінің арасында цифрландыру бойынша 25-орынға табан тіреді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы цифрландыру бойынша қалалар арасындағы әлемдік рейтингте 25-орынға табан тіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Алматы әкімдігінде бүгін қалалық ІІД өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері қаланың қауіпсіздік мәселелерін талқылады. 

«Әкімдік қауіпсіздік мәселесіне келгенде 20-ға жуық кешенді бағдарлама қабылдаған. Әр дүйсенбі күні әкімдік аппаратында департамент жетекшілерімен қала тұрғындарының арыз-шағымы жайлы жиын өтеді. Талдау көрсеткендей, үлкен қалада қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Себебі, қалада көші-қон көрсеткіші өте жоғары. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаламызды цифрландыруды белсенді қолға алып жатырмыз. Бүгінде Алматы цифрландыру рейтінгінде 25-орында тұр», - деді Бауыржан Байбек. 

Алматы әкімі айтқандай, әлемдік стандарт бойынша адам 24 сағат бойы өзін қауіпсіз сезінуі керек. 

«Бүгінде әкімдік әлеуметтік желі арқылы халықпен байланыста отыр. Инстаграм арқылы ғана халықтың алаңдаулы сұрақтары 3 күнде шешіледі. Соңғы 3 жылда полиция қызметкерлерін технологиялармен, көлікпен қамтуға 30 млрд теңге бөлінді. Бұрын қамту көрсеткіші 66 пайыз болса, қазір полиция 90 пайызға жабдықталған», - деді әкім. 

Қала басшысы бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр. 

«Бүгінде видеобақылаумен және GPS құралдармен 200 көлік жабдықталған. Осы құралдардың арқасында былтыр 241 мың жол ережесін бұзу дерегі әшкереленді», - деді әкім.

 

Соңғы жаңалықтар