Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Маңғыстау облыстары бюджетті дұрыс игермеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 7 айда бюджет қаражатын игере алмаған өңірлер мен министрліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 10 трлн теңге жұмсалды. Жұмсалмай қалған 41 млрд теңге бар, оның ішінде 10 млрд теңге үнемделген, ал 31 млрд теңге игерілмей қалған», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары бұрынғы білім және ғылым, ішкi iстер, қаржы және төтенше жағдайлар министрліктерінде байқалған. Оның негізгі себептері: шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт жүргізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, төлем шоттарын кеш ұсыну, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілуі, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы.

Сонымен бірге, жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,5 трлн теңге болса, оның 113 млрд теңгесі жұмсалмай қалған.

«Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге нысаналы трансферттер көзделген, 1 тамызға 1,6 трлн теңге бөлінген және оның 97%-і игерілген. Жұмсалмай қалған 48 млрд теңгенің 5 млрд теңгесі – үнемделген қаржы, ал 43 млрд теңге игерілмеген. Әсіресе, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстары қаражатты дұрыс игермеген. Оның негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну», - деп түсіндірді Е. Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге кіріс түсіп, жоспардың 105,1%-ке орындалғанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар