Алматы әкімінің орынбасары жол белгілері неге күзде сызылмайтынын түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол белгілері 15 наурыздан бастап сызылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Фейсбуктегі парақшасында түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, көп адам «жол белгілері неге қыста, ерте көктемде сызылмайды?» деген сауал қояды. Алайда жол белгілерін жүргізу үшін қолайлы ауа райы қажет.

«Асфальтта жол белгілерін сызу үшін оның температурасы +10 градустан жоғары болуы керек. Сондықтан ерте көктемде, қыстың соңғы айында жол белгілерін жүргізуге болмайды. Биыл 54 магистральды және аудандық көшеде жол белгілерін жүргізу 15 наурыздан 20 маусымға дейін жалғасады», - деді Ерлан Әукенов.

Сонымен қатар, 29 тамызда 19 көшеде жаңа жол белгілері сызылады. Себебі, бұл көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Орташа жөндеу дегеніміз - беткі қабаты түгел сүріліп, асфальттің жаңа қабаты төселеді деген сөз. Барлық орташа жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін жоспарланған. Жол белгілері жөндеу біткен соң 10 күн өткенде жасалады. Себебі, 8-10 күн битумның буы шығуы керек. Әйтпесе бояу тез кетіп қалады», - деді ол.

Оқу жылына дайындық ретінде 15 шілдеде мектеп, балабақшалар мен аурухана, емханалар алдындағы барлық «зебралар» жаңартылады. Жыл соңына дейін 2,3 мың жол белгісі орнатылады.

«Қазір біз 519 белгі орнаттық. Наурыз айының соңына дейін 237 белгі орнын табады. Қалған 1,5 мың белгі тамыздың соңына дейін қойылады. Бұл жұмыстарды биыл «СМЭУ Алматы» ЖШС мердігерлік компаниясы атқаратын болады. Егер істемей қалған бағдаршам, сүртіліп кеткен жол белгілерін көрген адам болса, «Open Almaty» мен Instagram арқылы хабарласа алады», - деді шенеунік.

Соңғы жаңалықтар