Алматы әкімінің орынбасары жатақханада тұрып жатқан дәрігерлердің жағдайымен танысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған жұмыс тобы қонақ үй мен жатақханада тұрып жатқан медицина қызметкерлерінің жағдайын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс тобының құрамында Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Стансилав Канкуров, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары, «Жастарға жол» қоғамдық қорының президенті Рафаэль Гасанов бар.

Төтенше жағдай кезінде 3,5 мыңға жуық медицина қызметкері өз қалауы бойынша жергілікті бюджеттің қаржыландыру есебінен 13 қонақ үй кешені мен 11 жатақханаға орналасқан болатын.

Жұмыс тобы 503 медициналық қызметкер тұрып жатқан 5 қонақ үй кешені мен 2 жатақханаға барды. Мұнда Жедел жәрдем, Балалар жұқпалы аурулар мен қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларының, Психикалық денсаулық орталығы мен №2 перзентхананың, №5 қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері тұрып жатыр.

Тексеру барысында тұрғылықты жердің жағдайы, қызметкерлердің бөлмелері, ондағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуы, әсіресе бөлмелердегі дезинфекция жұмыстарының дер кезінде жүргізілуіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ жеке қорғану мен жеке гигиена құралдарының жеткілікті деңгейде екендігіне көз жеткізілді.

«Ең бастысы – тұрмыс жағдайы. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері алдыңғы шепте, яғни қауіп-қатер аймағында жұмыс істейді. Оларға ыңғайлы болуы үшін тұрмыста да, жұмыста да дұрыс жүйе қалыптасты. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды», – деді Е. Бабақұмаров.

Қала басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров медқызметкерлерді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Азық-түліктің жеткізілуі мен оның сапасын еріктілердің қалалық штабы бақылайды.

Медицина қызметкерлерін жұмыс орнына дейін жеткізіп, қайта үйіне апару мәселесі де пысықталды.

Шенеунік қонақ үйлер мен жатақханаларда уақытша тұрып жатқан медқызметкерлермен тілдесті. Тамақтану, жұмысқа тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасы, сонымен қатар жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары да талқыланды.

«Қазір еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан кешіруде. Біз, медицина қызметкерлері, қолымыздан келгенше аянбай жұмыс істеудеміз. Алматы әкімдігіне берілген мүмкіндіктер үшін алғыс білдіреміз. Қажет заттардың барлығы бар, бөлмелер таза, тамақтары да жақсы. Қазіргі уақытта дәрігер ретінде зор жауапкершілікті сезінеміз. Бірлесе бұл дертті жеңетінімізге сенемін», - деді балалар жұқпалы аурулар ауруханасының рентгенолог-лаборанты С. Еркінбеков.

Тексеру жұмыстары кезінде Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілі барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталғанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар