Алматы әкімі жұмыссыз режімнің 13 сәуірге дейін ұзартылғанын еске салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы 5 сәуірге дейін ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім кейінге шегерілді. Енді қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етпейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін жұмыссыз режім 13 сәуірге дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешімді ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия қабылдады.

«Жаңа аптаның қарсаңында Мемкомиссияның шешімімен қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етпейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін жұмыссыз режім 13 сәуірге дейін ұзартылды. Өзін-өзі оқшаулау режімін сақтаңыздар. Полиция департаментіне бақылауды күшейтуді тапсырамын»,– деп жазды қала әкімі Twitter -дегі парақшасында. .

Бұл режим адамдар мен жеке көліктің қала ішінде қажеттіліксіз жүріп-тұруына тыйым салуды көздейді. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті алуға тұрғылықты жерге жақын орналасқан дүкендер мен дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, үй жануарларын серуендетуге рұқсат бар.

65 жастан асқан тұрғындарға далаға шығуға болмайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қалада ересектерсіз жүруіне рұқсат жоқ.

Азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезектегі қажетті заттарды жеткізу қызметтері 09.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұл ретте барлық ұйымдар, кәсіпорындар мен қалалық қызметтер жұмысқа тартқан қызметкерлерінің санитарлық жағынан қорғалуын күшейтілген режімде қамтамасыз етуі тиіс.

Төтенше жағдай режімін бұзғаны және көшеде себепсіз жүргені үшін ескерту, 26510 теңге көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қарастырылғанын атап өткен жөн.

Меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары көрінеу жалған ақпарат бергені, сондай-ақ қызметкерлерге анықтама және өндірістік немесе қызметтік қажеттіліктен туындамаған қызметкерлердің қозғалуы туралы деректер бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылады.

Шектеу қалалық басқару органдарына, азық-түлік, медициналық нысандарға, қаланың үздіксіз тыныс-тіршілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтер мен БАҚ-қа қолданылмайды.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметі бойынша, төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап 336 адам ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 113-і сот шешімімен әкімшілік қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салынды.

Ағымдағы жылдың 5 сәуіріндегі мәліметтер бойынша, Алматыда COVID-2019 жұқтырудың 116 оқиғасы зертханалық түрде расталды. Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде сағат 20.00-дегі жағдай бойынша қалада коронавирустық инфекцияны жұқтыру ошағының 33 аймағы бар. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты ошақтың 14 аймағынан шектеу шаралары алынып тасталды.

Суық тию белгілері пайда болған жағдайда 103-ке қоңырау шалыңыз. Анықтама үшін 1406 call-орталық және 1308 нөмірі бойынша Open Almaty қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар