Алматы әкімі жер учаскелерінің ревизиясын қолға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі мен прокуратурасы алқалы жиында бас қосып, қаладағы жер қорын тиімді пайдалану мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Жолдауында жер қатынастары саласында ревизия жүргізу, жерді нағыз инвесторларға беру керектігі айтылды. Бүгінде Алматыда 2,4 мың жер учаскесі пайдаланусыз жатыр. Олардың 27 пайызы айналымға енгізілді. 47 пайызы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментіне өткізілді. Бұл жер учаскелерінің иелері енді 10 есе жоғары салық төлейтін болады. Ал 3 учаскенің иесі жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып берді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, қалада уақытша жалға берілген жерлер бойынша да тексеру басталды.

Бүгінде прокурорлар жалға алу ақысы төленбеген 34 жер телімін анықтады. Бұл жерлер мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.

Алматы қаласының бас прокуроры Берік Жүйріктаевтың айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде уақытша пайдалануға жалпы көлемі 3,7 мың гектар болатын 18 мың жер телімі берілген. Оның ішінде облысқа тиесілі жерлер де бар. Адамдар жалға беру мерзімі өтіп кетсе де, жерді пайдаланып келген әрі оны ұзартуға еш әрекет етпеген. Соның салдарынан бюджетке жалға алу ақысы ретінде ешқандай қаржы түспеген.

Қала прокуроры Берік Жүйріктаев соңғы екі жылда мегаполистің инфрақұрылымын дамыту, жол айырықтары мен жолдарды салу мақсатында 300-ден астам жер телімі қайтарылғанын айтты.

Кейбір істер бойынша құжаттардың қолдан жасалғандығы, жер бағасының негізсіз көтерілгені анықталды. Осындай заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан мемлекетке 2,5 млрд теңге шығын келген. Прокуратураның атқарған жұмысының арқасында 1,5 млрд теңге өтелді.

«Бұл салада түрлі құйтырқы әрекеттер жасалады. Нысанның әрбір иесі өтемақы бағасын көтерудің түрлі жолдарын іздестіреді. Олар үшін ең қолайлысы жалған құжаттар мен бағаны көтеру. Қылмыскерлер барлық құжаттарды - жергілікті органдардың шешімдерін, техпаспортты, нысанды іске қосу актісін қолдан жасайды. Біз жалған құжаттардың 14 фактісін анықтадық, бұлардан 2 млрд теңге шығын келген», - деді Берік Жүйріктаев.

Осылайша, сотта қаралған 5 нысанның алғашқы құны 500 млн теңгеге төмендеген. Тағы 12 меншік иесіне қатысты іс қаралып жатыр. Бұл істер бойынша олардың бағасы 300 млн теңгеге төмендеуі мүмкін.

Жалпы, прокурорлық қадағалау актісі бойынша қазіргі кезде Алматыда игерілмеген жер телімдерінің иелеріне 10 еселенген көлемде салық салу жұмыстары қолға алынған.

«Мысалы, көппәтерлі үй салынуы тиіс 43,9 га жер учаскесіне 10 еселенген көлемде салық салынса, оның көлемі 120 млн теңге болмақ», - деді қадағалаушы органнан. 

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қазан айында жариялаған Жолдауында жер қоры мен жылжымайтын мүлік туралы бірыңғай ақпараттық база жасауды жүктеді.

«Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес толық ақпарат ала алмайды. Сондықтан, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Бұл мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек», - деген болатын Елбасы.

Президент ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа бос жатқан жерлердің иесін табуды міндеттеді.

Соңғы жаңалықтар