Алматы әкімі жемқорлыққа қарсы кеңеске келер жылға жұмыс жоспарын құруды тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының XV есептік-сайлау конференциясы барысында қала басшысы Ахметжан Есімов жемқорлыққа қарсы кеңеске келер жылға жұмыс жоспарын құруды тапсырды.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы қалалық кеңес сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі тетіктерін ұсынуы қажет.

«Өткен саяси кеңесте 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы құрылған болатын. Бағдарламаны жүзеге асыру тетігі ретінде әр бесжылдыққа жол картасы мен жыл сайынғы жұмыс жоспары бекітіліп тұрады. Осы бағытта «нұротандықтар» халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі керек. Мен қалалық кеңес пен екі аймақтық комиссияға жемқорлыққа қарсы күрес бойынша 2015 жылға жоспар әзірлеуді тапсырамын», - деді А.Есімов.

Қала басшысы әлемдегі мұнай бағасының төмендеуі экономикалық көрсеткіштерге ықпал етіп жатқанын айтты. Алайда, әкім атап өткендей, мақсатты индикаторлар биыл 100 пайызға орындалған. Тек қана құрылыс саласында 221 млрд. теңге игерілген. Биыл көлемі 1 млн. 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек.

«Мемлекет басшысының бастапқы төлемсіз әрі төмен пайызбен баспана беру туралы тапсырмасы көп адамдарға үміт сыйлады. Алматы қаласында жұмыссыздықпен күрес үлкен жолға қойылған. Біздің басты жетістігіміз - әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу. Биылдың өзінде Алматыда 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Жұмыссыздық 5,6 пайызды құрап отыр», - деді қала басшысы.

Соңғы жаңалықтар