+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

Алматы әкімі жазушыларға қандай қолдау көрсетілетінін айтты

2019 жылғы 9 желтоқсан 17:32
Бөлісіңіз:
Алматы әкімі жазушыларға қандай қолдау көрсетілетінін айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының құрылуына және «Қазақ әдебиеті» газетінің ашылуына 85 жыл толуына орай өткен жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаламгерлер қауымына қандай қолдау көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жазушылар одағының қатпарлы тарихы Алматымен тұстасып келеді. 85 жыл бұрын бой көтерген одақтың бірнеше буыны Алматыда қалыптасып, осында табысты еңбек етті. Сүйікті қаламыз туралы қалам тербемеген жазушы, толғанбаған ақын жоқ десе болады. Қазір Алматыда Жазушылар одағының 360 мүшесі тұрады. Сол қаламгерлермен кең көлемде де, жеке де бірнеше мәрте жүздесіп пікір алмастық», - деді шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, қала әкімдігі белгілі шығармашылық өкілдерінің кештерін, көрмелерін, мерейтойларын ұйымдастырып келеді.

«Мүмкіндігіне қарай кітаптарды да шығарып жатырмыз. Биыл зиялы қауым өкілдерімен жұмыс жасаудың жаңа жүйесін енгіздік. Одақтың тікелей ұсынысы бойынша 150 грант тағайындалды. 90 грант өз иелеріне жетсе, қалған 60 жыл соңына дейін табысталады. Алдағы жылдары іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушылардың кітаптарының жарық көруіне қолдау көрсетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезегінде ақын жазушы, драматург, сыншылардың қаламыздың, тұтастай еліміздің тыныс тіршілігін суреттейтін әдеби шығармалар жазуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ел руханиятының орталығы саналатын қаламыздың өркениет жолында өздеріңізбен аянбай еңбек етіп, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамыту барлығымыздың ортақ міндетіміз деп есептеймін», - деді Бақытжан Сағынтаев.

«Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бас газеттің қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттауда қандай жұмыстар атқарылатынын айтты.

«Egemen Qazaqstan» газетінің тиражы 200 мыңнан асатынын өздеріңіз білесіздер. Қазақ әдебиетінің қазіргі жас әдебиетшілеріне қолдау көрсету үшін жас қаламгерлерді, есімі елге белгілі қаламгерлерді шығаруға тырысамыз. Осы мақсатта арнайы Әдебиет, Руханият бетін ашқанбыз. Руханият бетінде мәдениетіміздің әр саласы театр, кино, проза, поэзия, драматургия туралы мақала жарияланады. Қазақ әдебиетінің қаламгерлерінің жұмысы шалғайдағы кең оқырмандарға жету үшін осындай жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында «Үміт», «Ең қысқа әңгіме» деген байқау өткіздік. Сайтта тұрақты түрде жас қаламгерлердің тырнақалды туындыларын жариялап тұрамыз. Саяси-экономикалық басылым болғанмен қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып отырмыз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кету керек, бүгін Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құрылуына және «Қазақ әдебиеті» газетінің ашылуына 85 жыл толуына орай пленум отырысы өтті.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059
REDAKTOR
Алтынбек Кумарзак
Алтынбек Кумарзак
954-059

MURAǴAT