Алматы әкімі жас отбасыларға пәтер кілттерін табыстады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында жастарға несие берудің «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша пәтер кілттері мен тұрғын үй сертификаттары табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл өміршең бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген болатын.

Алматы әкімдігі мен «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ бірігіп қолға алған «Алматы Жастары» бағдарламасының арқасында 35 жасқа дейінгі жастар пәтерге қол жеткізді. Баспана жастарға бастапқы жарна төлемесе де несие ең төменгі пайызымен беріледі.
null 

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету - бұл жастарға қатысты маңызды мәселенің бірі, олардың жұмысқа орналасуы, білім алуы үнемі жіті назарда, сондықтан «Алматы Жастары» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін 100 алматылық жас отбасы жеке пәтерлерінің кілттерін алады. Жастар бағдарламасы бойынша берілген несиеге Алматыдан алғашқы үйді сатып алуға болады, сөйтіп ақша қалада қалады. Яғни, осы ақшадан құрылысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді», - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Әкім «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынған 6 мың пәтер кезекте тұрғандар арасында бөлінгенін айтты. Жыл қорытындысы бойынша Алматыда кезекте тұрған әрбір төртінші отбасы жаңа үйге ие болады.
null 
null 

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова «Алматы Жастары» бағдарламасының барынша ашық болуын қамтамасыз ету үшін арнайы www.almaty-zhastary.kz порталы ашылғанын, қатысушылар соған өтініш бергендерін айтты.

Сарапшылар балдық жүйе арқылы алматы жастары мен жас отбасыларға қолдау көрсетті. Мысалы, тұңғыш бала үшін 10, кейінгі әр бала үшін 15 балдан берілді. Жұбайлық өмірдің әр жылына екі балдан қосылды.
null 

Қосымша балаларға меншік түріне қарамастан қаланың әлеуметтік саласында жұмыс істейтін жастар ие болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша 10 балдан берілді. Алматының бизнес қаласы екендігі ескеріліп, жас кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілді, мұндағылар әр жұмыс істеген жылдары үшін бір жарым балдан алды.

Жаңа пәтерлердің кілттерін алғашқы болып алғандар қатарында Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігері Әсия Миртаева, Қалалық адам репродукциясы орталығы зертханасының маманы Райгүл Жанғалиева, «АвтоГазАлматы» ЖШС инженер-операторы Нұрлан Сапаров жәнге басқалары бар. Жалпы, бағдарлама мәресіне 72-ден 162 дейін балл жинағандар жетті.

Қала әкімінің қолынан пәтер кілтін конкурста 92 балл жинаған жедел жәрдем фельдшері Оксана Шефер алды.

«Келер жылы да Алматыда жастар үшін тұрғын үй алуға жеңіл несие беретін осы Бағдарламаның жалғасуын қалаймын. Пәтер алғанымды білген менің әріптестерім, достарым аталған бағдарламаға зор қызығушылық танытуда. Өз пәтерімізге ие болғанымыз үшін біз бақыттымыз, барлықтарыңызды алдағы мерекелермен құттықтаймын», - деді Оксана Шефер.

Еске салсақ, Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жыл Алматыда Жастар жылы болып жарияланған еді. Осы бағытта Алматыда тұңғыш рет «2020 жылға дейін жастарды қолдаудың жол картасы» жасалды. «Алматы»ӘҚК» АҚ-ның қаржыландыруымен жатақхана салу жобасы қолға алынды. 2 000 орынды төрт жатақхана құрылысы аяқталып қалды. Келер жылдан бастап 2,4 мың орынды тағы екі жатақхана құрылысы басталады. Жалпы, 2020 жылға дейін қалада 7 мың орынды 12 жатақхана салынады.

Соңғы жаңалықтар