Алматы әкімі театрды туристер үшін қалай тартымды ету керектігін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев театрды туристер үшін қалай тартымды ету керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысы Алматыда театр өнерін дамыту үшін арнайы стратегия жасалатынын айтты.

«Классикалық өнерді дамыту мен оларды дотациялау деңгейін төмендету үшін Алматыда арнайы қаланың театр өнерін дамыту стратегиясы жасалады. Басты мақсат – театрды тек қала тұрғындары үшін ғана емес, жақын қалалар мен елдер үшін де тартымды ету. Біз театрға бару мәдениетін қайта жаңғыртуымыз қажет. Бұған біз ауқымды әлемдік деңгейдегі сахна, опера және балет жұлдыздарын тартып, театр фестивальдарын өткізу арқылы қол жеткіземіз. Алматының мәдени мұрасы мен білім базасын ескерсек, қаланың Орталық Азиядағы сахна өнерінің орталығы болуға толық мүмкіндігі бар. Осылайша, Орталық Азияның түкпір-түкпірінен осы өнер түрлерін сүйетіндерді тартуға болады. Әлемдік деңгейдегі шедеврлер жасауға қажетті әлеует бізде бар, біздің міндетіміз – соның толық ашылуына жағдай жасау,-деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев қаланың дамуы үшін үлкен әлеуетке ие 8 негізгі шығармашылық саланы атады. Олар: кино және анимация, музыка, әдебиет, театр, дизайн және сәулет, сән, жаңа медиа, цифрлық мәдениет, ойын-сауық индустриясы - қоғамдық орындар, мұражайлар және заманауи өнер.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Алматы – музыка бағыты бойынша UNESCO-ның креативті қалалар желісіне кіретін Орталық Азиядағы жалғыз қала.

«Біздің әншілеріміз ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие туындылар жасай алатынын сан мәрте дәлелдеді. Сондықтан индустрия, мемлекет, бизнес және білім беру өкілдерінің бірлесуімен алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылатын болады. Жасалған өнімдер - iTunes, yandex, spotify тағы да басқа заманауи сандық құралдар арқылы таратылады», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар