Алматы әкімі сырттан келетіндерден сақтандыру полистерінің болуын талап етуді ұсынды
2015 жылғы 25 ақпан 14:53

Алматы әкімі сырттан келетіндерден сақтандыру полистерінің болуын талап етуді ұсынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының алқалық кеңесінің отырысында сырттан келетіндерден сақтандыру полистерінің болуын талап етуді ұсынды.

Оның ойынша, оң миграцияның салдарынан қала тұрғындарының міндетті медициналық көмек алуы қиындай түседі.

«Кез-келген елге барсаңыз, сақтандыру полисінің төленуін талап етеді. Әлемде бар тәжірибе. Сол сияқты біз де осыны енгізуіміз керек. Миграция ағыны қала тұрғындарының міндетті медициналық көмек алуын қиындата түседі. Былтырдың өзінде стационарлық орындарда сырттан келген 19 мың адамға медициналық көмек көрсетілген. Перзентханаларда шетелден келген 500 келіншек босанды. Оған кеткен шығын әлі төленген жоқ», - деді қала басшысы А.Есімов.

Қала әкімі осыған байланысты қалалық көші-қон қызметіне сырттан келетіндерден міндетті сақтандыру полисін талап етуді ұсынды.

Оның айтуынша, қалалық медициналық мекемелер бюджеттің қаржысынан бірте-бірте тәуелсіздігін азайту керек.

«Медициналық мекемелер өзін-өзі ақтайтын қаржылық жағдайға көшуі керек. Әсіресе, арзан құрал-жабдық сатып алу мен жөндеу жұмыстарына келгенде. Осы жерде жеке клиникалардан үлгі алу керек. Оларға ешкім ақша беріп жатқан жоқ. Сонда да жұмыс істеп келеді», - деді А.Есімов.

Алқалы жиында кадр тапшылығы мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда қалада 500 дәрігер мен 750 орта медицина мамандары тапшы.

Шаһар басшысы келер жылға қойылған міндеттерді де атап өтті.

«Қалалық денсаулық сақтау бағдарламасы аясында барлық индикаторларға жету, маман тапшылығын жою, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу, медицина саласының мамандарын ынталандыру мәселесін басты назарда ұстау керек», - деді ол.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT