Алматы әкімі медицина қызметкерлеріне жатақхана кілтін табыстады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа жыл мейрамы қарсаңында Алматы қаласының медицина қызметкерлері қоныс тойын тойлады. Бүгін қала басшысы Ахметжан Есімов 138 қызметкерге жатақхана кілтін салтанатты түрде табыстады.

Жаңа нысан Алатау ауданындағы «Алғабас» шағын ауданында бой көтерді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаламызда денсаулық сақтау саласына аса мән беріліп келеді. Соңғы жылдарда барлығы 18 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Қаржыландыру көлемі де артып келеді. Биыл медицина қызметкерлері күніне орай қосымша 1 млрд теңге бөлуді қарастырдық. Оның ішінде 660 млн теңге үздік қызметкерлерді ынталандыруға бағытталды. 2,5 мың адам 180 мыңнан 280 мың теңгеге дейін сыйақы алды. Қалған 340 млн теңге жатақхана салуға жұмсалды. Жаңа баспана дер уақытында салынып, пайдалануға берілді. Бүгін 138 адамға кілтін табыстап жатырмыз», - деді қала басшысы Ахметжан Есімов.

Қала әкімі Алматы халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жыл екендігін атап өтті. Ана мен бала өлімі көрсеткішінің төмендеуі де халық денсаулығына баса мән берілетінін дәлелдеп отыр.

Салтанатты шарадан соң қала әкімі қоныс тойына жайылған мерекелік дастарханнан дәм татып, тұрғындардың шаңырақтарына құтты болсын айтты.

Соңғы жаңалықтар