Алматы әкімі ҚМПУ-дің жаңа жатақханасының алғашқы іргетасын қалады - ФОТО

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала басшысы Ахметжан Есімов Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде бой көтеретін 9 қабатты 450 орынды жатақхананың алғашқы іргетасын қалады. Шара Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылды.

«Елімізде педагогикалық білім беретін оқу орындары көп, бірақ Қыздар университетінің орны да, жөні де бөлек. Осы университетке келген сапарында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бір қызды тәрбиелеу - бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген болатын. Бұл - Қыздар университетіне берілген мәні үлкен баға. Бүгінде Қыздар университеті түлектерінің саны 60 мыңға жуық. Болашақтың тұтқасын ұстар ұрпақ тәрбиешілері, ұлттың ұйытқысы болып, республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп отыр, құрметті ұстаз атануда», - деді Алматы әкімі Ахметжан Есімов.

Осы тұста қала басшысы өзінің жарының да - Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің түлегі екендігін айтып өтті.

Мереке қарсаңында, сондай-ақ, оқу ордасының 70 жылдығына орай салынған «Қазақ Аруы» субұрқағының салтанатты ашылуы болып өтті.

Дәл ортасында ұлттық киімдегі қазақ қызының бейнесі бейнеленген субұрқақтың биіктігі 5 метр 18 см, ал көлемі - 5,8 текше метр. Ескерткіш тұғыры білезік пішінімен аяқталады. Субұрқақ айналасына қазақ және әлем ойшылдарының даналық сөздері жазылған 12 кітап орнатылған. Ұлттық нақышта салынған субұрқақ мәрмәрдан жасалған.

Субұрқақ авторы - мүсінші Бұхарбаев Нұрлан Әбдулмәлікұлының айтуынша, ескерткіште қазақ қызының болашаққа деген ұмтылысы бейнеленген.

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған шара барысында барша қауымға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, арнайы тігілген киіз үйлерде ақ дастархан жайылды.

Соңғы жаңалықтар