Алматы әкімі қауіпті аймақтан келгендерді бақылауды күшейтуді тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаланы зарарсыздандыру құралымен қамтитын қызметтердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен эпидемияға қарсы шараларды күшейту туралы отырыс өтті.

Қазір әлемде 103 елде COVID-2019 жұқпасы тіркелген.

Арнайы құрылған штабтың төрағасы – Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, Алматыда коронавирус жұқпасынан сақтандыру шаралары күшейтіліп жатыр.

Тәулік бойы келіп жатқан халықаралық әуе рейстері бақылауға алынған. Әуежайда күн сайын 25 санэпидемиолог, 8 санитарлық карантин қызметкері жұмыс істейді. 1 ақпаннан бастап 1 140 әуе рейсіне қызмет көрсетілді, ондағы 250 мың жолаушы тексерілді.

Қазір Алматыда медициналық қызметкерлердің бақылауында 12 412 адам бар.

Қауіпті елден келгендер арнайы медициналық обьектілерге оқшауланды. Олардан алынған 690 тестіден бір де бір нәтиже расталған жоқ.

Сондай-ақ, жұқпа таралған елдерден келетін еңбек мигранттарына рұқсат беру тоқтатылды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық бұйымдар мен жеке қорғану құралдары бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Профилактика аясында барлық қоғамдық орындарды санитайзерлермен қамтамасыз ету туралы ұсыныс берілді. 202 мектепте, 183 балабақшада, қосымша 18 білім беру ұйымдарында, 20 колледжде 1 859 антисептик орнатылды. Метрополитенде де жұмыстар басталды.

Сонымен қатар, штаб төрағасы Ержан Бабақұмаров бүгінгі күні дезинфекциялық және антисептик құралымен жабдықтау жұмысы барлық ұйымдарда толық атқарылмай отырғанын айтты.

Жеке меншік білім беру мекемелері, университеттер, базарлар, ХҚКО, мешіттер, банк пен «Қазпошта» бөлімшелері, автовокзалдар, қонақ үйлер, кинотеатрлар, қоғамдық көлікті зарарсыздандыру шаралары көңіл көншітерлік емес. Олар Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің деректерін, зарарсыздандыру және антисептикалық өңдеу жөніндегі базалық ұсыныстарды толық көлемде орындамайды.

Жиынды қорытындылай келе Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды сапалы жүзеге асыру бойынша барлық шараларды қолға алуды, қауіпті аймақтардан келетін адамдарды бақылауды күшейтуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар