Алматы әкімі қаланың өнеркәсіп орындарын аралады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың өнеркәсіп орындарын аралап, жылыту радиаторларын, қосалқы станциялар трансформаторларын, кең спектерлі тренажерлар шығаратын кәсіпорындарда болды.

Айта кету керек, бұл кәсіпорындар бизнеске мемлекеттік қолдау көрсететін «Бизнестің жол картасы-2020», «Алматы қаласын индустрияландыру Картасы», «Даму-Өндіріс» бағдарламаларына қатысатын өнеркәсіп орындары.

Қала басшысы алдымен жылыту радиаторларын шығаратын «Склад ОВ» ЖШС-ін аралады. Аталған өндіріс орны 2016 жылғы индустрияландыру картасына енді.

Өндірістік қуаты жылына 1,2 млн секцияға жеткен соң кәсіпорын отандық тұтыну нарығының 25-30 пайызын жаба алады.

Өндірісте қазақстандық аллюминий шикізаты қолданылатындықтан, өнімдегі қазақстандық қамтудың үлесі 92 % болып отыр.

Мамандардың пайымдауынша, ЖШС шығарған өнімдер сапасы жағынан шетелдік тауарлардан кем емес әрі бағасы төмен.

«Қазақстандық компаниялар сапалы өнім шығара алмайды деген қасаң стереотиптерді жою керек. Бұлардың барлығы - заманауи технологиямен жұмыс істейтін қазіргі заманғы өндіріс орындары. Шығарылған әрбір радиатор жаңа жұмыс орнын құрайды», - деді Б.Байбек.

Бұдан соң әкім «Алматы электромеханика зауытында» болды. Зауыт өнімдерін «Алматы жарық компаниясы» ЖШС мен «Электрокабель» ЖШС тұтынады.

Зауыт әзірге өндірістік қуатының 70%-ында жұмыс жасап тұр.

Болашақта инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағы аясында жекелеген компоненттер өндірісі қолға алынып, зауыт қазақстандық қамту көлемін арттырады.

Шаһар басшысы «Алматыэнергосервис» ЖШС- де болды. Кәсіпорын күрделі конструкциялар, энергия жабдықтарын және тренажерлерді шығарады.

Заманауи қондырғылардың арқасында 3D-макеті бойынша түрлі бұйымдар өндіріледі. Атап өтерлік жайт, кәсіпорын әскери тренажер шығарудың толық циклін, яғни оны жасау идеясынан бастап, өнім ретінде шығаруды жүзеге асырады.

Сондай-ақ, мұнда кәсіптік- техникалық білім беретін оқу орындарының студенттері өндірістік тәжірибеден өтуде.

Соңғы жаңалықтар