Алматы әкімі қаладағы құрылыс жұмыстарының сапасын сынға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы жаяу жүргіншілерге арналған жол инфрақұрылымының сапасын тексеріп, жауаптыларды сыбап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкім қаладағы бірқатар даңғылдар мен көшелерді аралап, құрылыс ұйымдарының басшыларына ескерту жасады. Абылай хан даңғылындағы жөндеу жұмыстарына жауапты «Элитстрой» құрылыс компаниясының еншілес ұйымының атқарған істерін сынға алды.

«Жұмысты белгіленген мерзімге дейін бітіре алмағандарыңыз аздай, барлық аумақты сапасыз жасағансыздар. Тротуар мен жүретін жол түйіспейді. «Алматы 2» вокзалы алаңы 2 айдан бері бығып жатыр. Жастар театрының алдын маусым айында бастап едіңіздер, әлі бітірмедіңіздер. Компанияларыңыздың беделін өздеріңіз түсіресіздер. Қайтадан жасап шығуға 2 ай уақыт беремін»,-деді ол компания директоры Алексей Балаганскийге.

Егер тапсырма орындалмаса аталған ұйымдар нашар компаниялар тізіміне енгізілмек.

Қала әкімінің айтуынша, құрылыс ұйымдарының тірлігі сөгіске сұранып тұратын көрінеді. Жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысына қарапайым жағдай жасалмаған.

«Бір жерді қазар алдында адамның қалай өтетінін ойламайсыздар. Қай жермен жүреміз. Мына жерде газ жүйелерін ауыстырыпсыздар, ал тротуар астындағы бұрынғы құбырлар әлі жойылмаған»,-деді ол Абылай хан-Кұрмангазы аумағын нұсқап.

Сондай-ақ ол гүлзардың бордюрдан жоғары орнатылғанын байқап қалды.

«Арық айналасына орама гүлзар төсепсіздер. Бұларыңыз қазірден қопарылып жатыр. Қар тазалағаннан кейін не болады сонда? Барлығын қайтадан жасаңыздар. Байқаймын біраз аумақта гүлзар бордюрдан биік тұр. Ертең бүкіл қоқыс арық пен тротуарды толтырады»,-деді әкім.

Қала Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, көше бойындағы барлық ақаулар анықталды. Жөндеу жұмыстарына жауапты компаниялар кемшіліктерінің орнын толтырмаса айыппұл санкциялары қарастырылатынын айтты.

«Жұмыстар әлі қабылдап алынған жоқ. Барлық қателіктерді қалпына келтірмейінше, жобаны сапалы орындамайынша ақшаны толық төлемейміз»,-деді ол.

Бұған дейін Бауыржан Бәйбек Республика сарайы алдындағы Абай алаңындағы тротуар плитасын жасаудағы шикіліктерді түзетуді тапсырған болатын.

null null null 

Соңғы жаңалықтар