Алматы әкімі даулы саябаққа қатысты қайтадан қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Южный» саябағына қатысты дауға байланысты қала тұрғындарын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу кезінде Бостандық ауданының тұрғыны Надежда Ерольская «Южный» саябағының жанынан көпқабатты тұрғын кешенін салу туралы мәселе көтерді.

Аталған аумақта құрылыс бастап жатқан «Тurkuaz Invest» компаниясының бас директоры Зеки Пилге бұл жердің жеке меншіктікі екенін алға тартты.

Оның айтуынша, құрылысқа бір үйден 100 тұрғын келісіп қол қойған.

Тараптарды тыңдаған Бауыржан Байбек саябаққа жақын орналасқан үйлер тұрғындарының барлығының пікірін ескеру қажеттігін айтты.

Бұрын ол саябақты жөндеу жобасына аудан тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып түзетулер енгізуді тапсырған еді.

«Сіздер қоғамдық тыңдаулар өткізіп, содан кейін ғана заңға сәйкес жақын орналасқан үйлер тұрғындарының басым көпшілігінің рұқсатын алуға тиіссіздер. «Нұр Отан» партиясының доктринасында заңның үстемдігі - әділетті қоғамның негізі және барлығы үшін мүмкіндіктердің бірдей болуы деп көрсетілген. 400-ден астам тұрғын әкімдікке, партияға ашық хат жазып, өздерінің келіспейтіндіктерін білдірген. Сондықтан 10 күн мерзім ішінде қалалықтар өтініш білдірген «Нұр Отанның» алаңында қоғамдық тыңдау өткізіп, заң жүзінде шешім қабылдаған жөн», - деді қала басшысы.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов бұл мәселе бойынша Қала құрылысы кеңесі шешімінің кейінге шегерілгенін айтты.

«Құрылысты жүргізуші компания бір үй тұрғындарының ғана келісімін алып, қоғамдық тыңдауды талапқа сай өткізбеген. Бұдан өзге, 2017 жылы Жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі басқарма аталған аумақтың ұзақ уақыт пайдаланылмауы салдарынан бұл учаскеге шектеу қойған болатын»,- деді ол.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының қабылдауында өткен жиын барысында «Сайран» автовокзалы мен қалалық ипподром тарихи ескерткіштердің бастапқы тізіміне енгізілетіні белгілі болды.

Бұдан өзге, «Атакент» басқарушы» компаниясы жеке меншіктегі 8 га жер учаскесін тегін қайтару туралы міндеттеме қабылдады.

Бұрын Алматы әкімдігі 23 гектар жерді уақытша жалға беру туралы келісімнің күшін жойған еді. Дегенмен, көрме кешенінің басшылығы «Қалалар жаяу жүргіншілер үшін» концепциясына сай аймақты көріктендіру жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.

Соңғы жаңалықтар