Алматы әкімі дағдарысқа қарсы жоспардың 4 бағытын атап өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі қала халқымен есептік кездесуі барысында дағдарысқа қарсы жоспардың 4 бағытын атап өтті. «Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуын тұрақты ұстап тұру үшін дағдарысқа қарсы бағдарлама қажеттігін атап өтті. Осы орайда шараларды оңтайландыру керек. Қала деңгейінде инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамыту үшін қаланың дағдарысқа қарсы жоспары бар», - деді қала әкімі.

Қала басшысы экономика өсімінің нүктелері анықталғанын жеткізді. Ең алдымен, Алатау ауданындағы Индустриаландыру аймағына баса назар аударылып отыр. Мұнда жалпы құны 231,1 млрд. тенге 28 жоба жүзеге асырылуда. 9 мың жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 2 жоба енгізіледі деп жоспарланып отыр. «Екіншісі, инновациялық технологиялар паркі. Онда 160 инновациялық кәсіпорын жұмыс жасап отыр. Парк та қаланың табыс көзі болып отыр. Үшіншіден, заңдастыру мен жекешелендірудің екінші толқынынан түсетін табыс. Бұған мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Оны біз пайдалануымыз керек. Төртіншіден, муниципалды облигациялар шығарылымы. Бұл қалаға 2010 жылы 13 млрд теңге көлемінде пайда әкелді», - деді А.Есімов.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі әзірлеген ақпараттық парақшада индустриалық инновациялық даму бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 649,1 млрд теңгені құрады, яғни 2,1 пайызға өскендігі көрсетілген. Өңдеу өнеркәсібінде 480,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 2010-2014 жылдары құны 280,6 млрд теңге болатын 21 жоба іске асырылды. Осы уақыт аралығында 3016 жұмыс орны ашылды. 2014 жылы желтоқсанда 280 млн теңге сомаға 120 жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз ететін «Аврора» ЖШС-нің емдеу мекемелеріне арналған дизенфекциялау құралдары өндірісі жаңғыртылды. Сондай-ақ, құны 269 млн теңге болатын аралас және жартылай жүн маталар өндіретін «Сәуле» тігін-трикотаж фабрикасы іске қосылды. Бұл жоба 25 жаңа жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етті.

Соңғы жаңалықтар