Алматы әкімі әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салынып жатқан бірқатар ықшамауданда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполис әкімі Instagram-дағы парақшасында инженерлік құрылымды жаңарту мен нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

«Мұзтау» ықшамауданында тарату желілері салынып жатыр. Биыл үйлерді сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосуға кірісеміз. Өрт сөндіру депосы мен бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің құрылыс алаңдарында болдым», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Алматы әкімі қайта жөндеуден өткен және қосымша орындары бар №54 мектепте де болды. Қала тұрғындары жұмыспен қамту, тұрғын үй және тағы басқа саладағы 50 түрлі мәселелерге қатысты «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес ала алатын Әлеуметтік қызмет көрсету үйінің жұмысы аяқталуға жақын.

Сонымен қатар, Алатау ауданында 14 кортқа арналған жаңа теннис орталығы мен жабық шағын футбол алаңы, үстел теннисі бар орталығының, сондай-ақ Алғабастағы 12 мың адамға арналған мешіттің құрылысы жалғасуда. Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы велотректі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді, көше кеңістігін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды. Төле би көшесіндегі жолдардың жөнделуі - ерекше бақылауда.


Соңғы жаңалықтар