Алматы әкімі Ахметжан Есімов ҰОС ардагерлеріне Елбасының жаңажылдық құттықтауын жеткізді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов 30-ға жуық ардагерді қабылдап, Елбасының құттықтауын жеткізді.

Жаңа жыл біздің еліміз үшін маңызды тарихи оқиғаларға толы болмақ. Соның ішінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толмақ. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі 5115 ардагерді мерейлі мерекемен құттықтау жеделхатын жіберді.

«Құрметті ардагерлер, сіздерді соғыстың жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толатын жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Сіздердің замандастарыңыздың соғыс кезіндегі өшпес ерлігі мен тың көтеру кезіндегі ерен еңбектері, ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлестері кейінгі ұрпаққа өнеге. Қазақстандықтар сіздердің ерліктеріңізі еш ұмытпай, құрметке бөлеп өтеді. Алдағы ұлы жеңіс мейрамын есендікте көруді жазсын. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді қала басшысы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеделхатын оқи отырып.

Қала әкімі ардагерлерге 2015 жылдың 9 мамырында салтанатты шеруге қатысуға әзір болуды «бұйырды». Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған соғыс ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акция басталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі датаға байланысты Қазақстандағы 5115 ардагердің әрқайсысына құттықтау хатын жазып, сый-сыяпаттар жолдаған болатын.

Сондай-ақ радиотехника және байланыс әскери институтының курсанттары қарттарға сыйлық табыстап, құрмет көрсетті.

Қазіргі таңда елімізде 5115 ардагер қалса, олардың 900-і Алматыда өмір сүруде. Бұл оңтүстік астана басшылығының оңтайлы әлеуметтік жағдай қалыптастырып отырғандығының белгісі болса керек, дейді ардагерлер.

«70 жылда мұндай жоғары құрмет, қамқорлық болмаған. Ұлы Жеңістің мерейі жылдар жылжыған сайын арта бермек. Алматы қаласының басшылығы зейнеткерлер мен қарттарға, ардагерлерге үлкен моральдық, материалдық қолдау көрсетіп келеді. Біздің өмірімізді ұзартуға бар жағдай жасалып жатыр. Әрине, әлеуметтік, медициналық көмекпен қамту, коммуналдық қызметтердің жеңілдігі деген сияқты қолдаулардың арқасында олардың тұрмысын жеңілдетіп, өмірін ұзартуға болады. Осы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді», - деді Алматы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов.

Ұлы Жеңiстiң 50,55,60,65 жылдығына арналған Мәскеудегi Жеңiс шерулерiне қатысқан бiрден-бiр жауынгер, отставкадағы полковник, мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев сол бір азалы жылдар туралы естелігімен бөлісе кетті.

«Ржев шоқысы» үшiн айқас 100-ші бригаданың 1-ші батальон үшін үлкен сынақ болды. Одан «тiрi қаламыз» деп ешкiм ойламаған едi. Бұл тозақтың ортасында болған орыс жазушысы К.Симонов ол шептi «Өлiм аңғары» деп жазған едi кейiн. Мен батальонымның 80 пайызын Ржев түбінде жоғалттым. Мұнда қазақтар үлкен ерлік көрсетті. Мен кейін Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ржев қаласында өткен митингке қатыстым. Жергілікті тұрғындар қазақтардың ерлігін ешқашан ұмытпайтынын айтып жатты. Менімен бірге қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова соғысты», - деді Сұлтан Жиенбаев.

Соңғы жаңалықтар