Алматы әкімдігінің бірінші қабаты халықты қабылдау үшін ыңғайлы жасалмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қайта қалпына келтіріліп жатқан әкімдік ғимаратының бірінші қабаты халықты қабылдауға ыңғайлы болуы керек. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімнің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, әкімдік ғимаратының тарихи келбеті қайта қалпына келтіріледі.

«ҚазҒЗЖИ мамандарының айтуынша, әкімдік ғимаратының сыртқы қабаты өрттен қатты зақымдалған. Сол себепті ғимараттың қасбетіндегі мәрмәр тастарын бұзуға мәжбүр болдық. Біздің мақсатымыз ғимаратты тарихи келбетіне қайтару. Тас және басқа материалдарды жобаны бұрын сызған авторлармен және қаладағы сәулетшілермен бірге таңдап, қалпына келтіреміз» - деді әкімнің орынбасары Мұхит Әзірбаев.

Бақытжан Сағынтаев қала әкімдігінің бірінші қабатын халықты қабылдауға ыңғайлы етіп жасау керектігін айтты.

«Әкімдік ғимаратының бірінші қабаты халықпен ашық кездесуге ыңғайлы емес. Мүмкін осы жағдайды пайдалана отырып, Әлеуметтік үйді жасағандай тұрғындармен кездесуге ыңғайлы етіп жасаған дұрыс шығар. Осы жағын сәулетшілермен ақылдасып көріңіздер. Бұл жұртшылықпен кездесуге, оларға қызмет көрсетуге ыңғайлы болар еді», - деді Бақытжан Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар