НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бас прокуратура Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 2 шетел азаматының ұсталғаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Арнайы жүргізілген тергеу барысында 2022 жылғы қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алматыда қала әкімдігінің ғимаратын басып алу кезіндегі тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан екі шетелдік азамат анықталды.
Аталған адамдар ғимаратты қорғап жүрген Мамандандырылған күзет қызметінің қарусыз қызметкерлеріне қарсы қатыгездікпен күш қолданған.
Олар полицейлерге бұрын тартып алынған арнайы құралдармен (қалқандар, таяқшалар) дене жарақаттарын салған»,-делінген прокуратураның хабарламасында.
Бейнематериалдарды сәйкестендіру нәтижесінде қылмыскерлердің кім екені анықталды.
Биылғы жылдың 1 ақпанында олар соттың санкциясымен қамауға алынды. Олардың қылмыстық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі (жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу), 380-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары (билік өкіліне күш қолдану) бойынша сараланды.