Алматы әкімдігі жылу бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы тұрғындары наурыз айында жылу тарифі 2 есеге қымбаттағанына алаңдаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындар ақпан айында бір шаршы метрі үшін 60-80 теңге төлеген болса, наурызда 147-200 теңге төлеуге тиіс болған. Ал қаңтардағы төлем түбіртектерінде жылу құны 136 теңге деп көрсетілген.

Қалалық Жылу энергиясы кешені кәсіпорындарының ресми өкілі Ян Гириннің айтуынша, 2018 жылы 1 қаңтардан бастап жылу энергиясымен қамту қызметі қымбаттаған. Жаңа баға антимонополиялық ведомствоның құжатымен бекітілген.

«Осыдан соң ақпанда да, наурызда да тариф көтерілген жоқ. Наурызда ақпанда тұтынылған энергияның түбіртегі келеді. Ақпанда Алматыда қатты аяз болды. Қазір жалпы барлық үйге жылу өлшеу құралдары орнатылған. Үйдің ішкі жылыту жүйесі жекеменшік компаниялардың қарауында. Жылу ақысы пайдаланылған жылу көлеміне байланысты шығады. Егер көппәтерлі үйде жалпы өлшеу құралы тұрса, онда шыққан шығын барлық пәтер иелеріне бөлінеді. Ескі үйлерде өлшеу құралын қою мүмкін емес. Олар басқа схемамен төлейді. Егер өлшеу құралы дұрыс істемесе, үй иелері максимум мөлшерде төлейді», - деді Ян Гирин.

Айта кету керек, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу департаментінің  2017 жылғы 13 желтоқсандағы бұйрығымен «Алматы жылу желілері» ЖШС сараланған тарифтері төмендегідей белгіленген: жеке тұлғаларға - 7267 Гкал/тг, жалпы өлшеу құралы бар жеке тұлғаларға - 5327,78 Гкал/тг. Оның алдында 2017 жылғы 1 сәуірдегі тарифтік көрсеткіштер сәйкесінше 6709 Гкал/тг, 4913 Гкал/тг болатын.

Соңғы жаңалықтар