Алматы әкімдігі тұрғындарға алаяқтар туралы ескертті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімдігі қызметкерлері атынан белгісіз адамдардың тұрғындарға қоңырау шалуы жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, алаяқтар әкімдік немесе тұрғын үй басқармасы қызметкерлерінің атынан тұрғындарға несиені мерзімінен бұрын өтеу кезінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер ала алатындарын айтады.

«Егер азамат Алматы қаласы әкімдігінің тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрса, онда жалға берілетін тұрғын үй тек кезек тәртібімен беріледі. Бұл ретте, несие тарихы және екінші деңгейдегі банктер мен шағын несие ұйымдары алдындағы несие мен қарыз бойынша берешек мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға әсер етпейді»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Тұрғын үй басқармасының мамандары ерекше жағдайда ғана қоңырау шалады. Алматы қаласы, Достық даңғылы, 85 мекенжайында орналасқан басқармаға қажетті құжаттарды ұсыну және пәтерді жалдау мен сатып алу-сату шарттарына қол қою үшін шақырылады.

«Әкімдікте кезекте тұрған азаматтар кезегін www.kezekte.kz («ЖСН бойынша кезектегі нөмірді тексеру» сілтемесі арқылы) немесе басқарманың 225-14-37, 225-14-52, 225-14-57 телефон нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы бақылай алады. Сонымен қатар, белгісіз тұлғалар мен алаяқтардан қоңырау түскен жағдайда, қоңырау шалған телефон нөмірін, қоңырау шалушының аты-жөнін тез арада жазып, полицияға жүгіну қажет»,- деп атап өтті Алматы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілдері.


Соңғы жаңалықтар