Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Алматы әкімдігі тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанына көшу тәртібін түсіндірді

2022 жылғы 13 маусым 03:00

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтарды тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанына көшу тәртібі толғандырып отыр. Осы ретте олар Facebook парақшасындағы арнайы чатта сауал қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Natalya Zheldak атты желі қолданушысының жазуынша, тұрғындар үйлерін мүлік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жеке серіктестікке (ЖС) ауыстыру мәселесі бойынша жиналыс өткізбекші болған. Бірақ, жиналысқа тұрғындардың көбі келмеген. Ал Алматыда 1 шілдеге дейін барлық тұрғын үй МИБ немесе ЖС-қа ауысуы тиіс.

Аталған мәселе бойынша ҚазАқпарат тілшісі әкімдікке сауал жолдаған еді.

Алматы қаласы әкімдігінің берген жауабы бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үйді басқару нысанын таңдау туралы шешім қабылдау үшін тұрғындар көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерінің жиналысын өткізіп, кондоминиум объектісін сайлауға міндетті.

«Олар мынадай формалар болуы мүмкін:

1) Мүлік иелерінің бірлестігі – көппәтерлі бір тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын, оны ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға.

2) Көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі – қызметін ҚР азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырады.

Бұл ретте пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару нысандарын таңдауда және өзгертуге ерікті.

Сонымен қатар, коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдар төлем болмаған, сондай-ақ, шартта белгіленген мерзімде толық төлем болмаған жағдайда, қызметтерді толық немесе ішінара көрсетуді тоқтатады. Айту керек, тұрғын үй құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды Заңның 8-бабына сәйкес, сот шешеді», - делінеді әкімдіктің берген жауабында.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы ПИК жетекшілері МИБ қызметіне кедергі келтіріп отырғанын жазған едік.

https://www.inform.kz/kz/almatydagy-pik-zhetekshileri-mib-kyzmetine-kedergi-keltirip-otyr_a3924036


Автор:

Думан Арғынгелді

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар