Алматы әкімдігі тасымалдаушы компанияларға 4 млрд теңге қарыз

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі тасымалдаушы компанияларға 4 млрд теңге қарыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдина» автопаркінің директоры Бекежан Тыныштықбадың айтуынша, әкімдік субсидия төлеуді жыл басынан бері кешіктіріп жатыр.

«Әкімдіктің тапсырысы бойынша біз, жеке көлік парктері, автобустарды 100% жаңарттық. Несие алып, оларды лизингке сатып алдық. Әкімдік біздің мәліметтеріміз бойынша субсидиялардың жаңа есептеулерін мақұлдамады.

Автобус парктері жанармай, қосалқы бөлшектер сатып алу мен жұмысшыларға жалақы төлеуде қиындықтарға тап болды. Қазір бізге жаңа газбен қозғалатын автобустар сатып алыңдар деп жатыр, бірақ біз қазіргі несиені төлей алмай отырмыз. Былтыр жолаушылар ағыны мен субсидия төлемдері аз болды. Биыл жолаушылар саны көбейді. Ал әкімдік бізге субсидия төлей алмай жатыр», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол компания қарызға батқанын тілге тиек етті.

«Олар өткен жылы 22 млрд теңге субсидия төледік деп отыр. Алайда, биыл бұл сома кем дегенде екі есеге өсті. Біз оны былтыр жолаушылар ағыны аз болғанымен түсіндірдік, биыл олардың саны көбейді. Сонымен қатар, жаңа автобустар мен жаңа маршруттар пайда болды», - деді ол.

«City Bus» ЖШС директоры Егор Жиглов 2020 жыл тасымалдаушы компаниялар үшін қиын болғанын атап өтті.

«Субсидия төлеу мерзімін кейінге қалдырып, кешіктіріп жатыр. Бұл компания жұмысының сапасына және дамуына үлкен әсер етеді. Бұл ешқашан тоқтамайтын өндіріс. Егер біз оны уақытында қаржыландырмасақ, онда даму болмайды. Автобустарды жөндеу субсидия төлеуге байланысты, егер жүргізуші уақытылы жалақы алмаса, кетіп қалады. Бұл үлкен тапшылыққа әкеп соғады», - деді ол.

Өз кезегінде, Алматы қалалық мобильділік басқармасы бастығының орынбасары Сымбат Мырзағұлов төлемдердің не себепті кешіктіріліп жатқанын түсіндірді.

«Бізде үнемі кідірістер болмайды. Автопарктер жұмысын тоқтататындай ештеңе жоқ. Біз қазір қайта есептеп, тексеріп жатырмыз, тексеру әлі аяқталған жоқ. Аяқталғаннан кейін біз бәрін ұсынатын боламыз. Автопарктер ақшасыз қалған жоқ, біз оларға ақша төлеп жатырмыз, субсидия төлейміз, олар билеттерден де қаржы тауып отыр», - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, тасымалдаушыларға субсидияның 50% төленеді, сондықтан олар ақшасыз отырған жоқ.

«Автобус парктерінің жұмысы тоқтамайды. Біз оған жол бермейміз. Қарыз шамамен 4 млрд теңге. Өткен жылы жолаушылар ағыны наурыз айынан бастап төмендеді, бірақ қараша айында біз 2019 жылдың көрсеткіштеріне жеттік. Жұмыс күндері біздің жолаушылар ағыны шамамен 1 млн адамды құрайды. 2019 жылы бұл 1,2 немесе 1,1 млн болды. Себебі, қазір оқушылар мен студенттер жоқ»,- деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, қалада автобус тапшылығы шамамен 700-1000 автобус.


Соңғы жаңалықтар