Алматы әкімдігі мен фармацевтер дәрі-дәрмек мәселесін шешуге уағдаласты

None
None

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram -дағы парақшасында дәрі тапшылығы проблемасын шешу үшін фармкомпаниялар мен салалық қауымдастық басшыларымен бірнеше кездесулер өткізгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамандардың пікірінше, дәрі-дәрмек тапшылығы әлдебіреулер ұсынған дәрілермен емделуді жөн көрген тұрғындардың дүрлігуінен пайда болған. Термометрлердің де тапшылығы орын алды. Бір айға жетуі тиіс 30 мың градусник екі күннің ішінде сатылып, бітіп қалды. Баға да бірден шарықтаған», — деп жазды қала әкімі.

Сонымен қатар, ол ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы, мегаполистің дәріханалар желісі, дәрі жеткізушілер және медикаменттерді өндірушілерімен меморандумға қол қойылғанын жетікізді.

Осылайша, қала дәріханаларына әлеуметтік маңызы бар дәрілердің 41 атауының жедел түрде жеткізілуі қамтамасыз етілетін болады. Меморандумға Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы, сонымен бірге, мегаполистің дәріханалар желісі, дәрі жеткізушілер және медикаменттерді өндірушілері қол қойды.

Меморандумға сәйкес, дәріханалар Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылдың 15 шілдедегі бұйрығында белгіленген бағаларды ұстанулары керек. Сонымен бірге тапсырысты жеткізушілер, өндірушілер және қала дәріханалары жүйелі түрде дәріге деген тапшылықты реттеу мақсатында Алматы қаласының әкімдігіне дәрілердің бар-жоқтығы, олардың бір күндегі сатылымы, сонымен бірге жақын арада жеткізілуі тиіс дәрілер туралы ақпарат беріп отырулары керек.

Бүгінгі таңда меморандум аясында қала бойынша 102 ірі дәріхананың бары анықталды, оларға әлеуметтік маңызды дәрілердің 41 атауы жеткізіледі. Мұндай дәріханалар қаланың әрбір ауданында бар. Әрбір 41 препарат бойынша негізсіз дүрлікпені болдырмау мақсатында бір қолға сатуға рұқсат етілген мөлшері анықталды.

Жалпы, қаланы қажетті дәрілермен және термометриямен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Дәрілік құралдарды жеткізуші ірі компаниялар «Парацетамол», «Ибупрофен», «Эффералган», «Аспирин», «Тамифлю», «Ингавирин», «Азитромицин» және «Сумамед» дәрілерінің күнделікті жеткізілуін жүзеге асырады.

Қалада қазір «Парацетамолдың» 240 000 данасы, «Ибупрофеннің» 187 000 данасы, «Эффералганның» 11 000 данасы, «Аспириннің» 206 000, «Тамифлюдің» 40 000, «Азитромициннің» 160 000 данасы және «Сумамедтің» 10 000 данасы бар. Жақын күндері аталған медикаменттердің үлкен көлемдегі қосымша жеткізілімі күтілуде.

Сонымен бірге, 29 маусымнан бастап термометрлердің алғашқы ірі жеткізілімдері басталды – ірі дәріхана желілеріне 30 000 данасы тиеліп, жөнелтілді. Алдағы күндері қосымша 780 000 дана термометр келеді деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар