Алматы әкімдігі киімі үшін оқушыларды сабаққа кіргізбеген мектеп басшылығына қатысты пікір білдірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының тұрғыны, көп балалы ана Жанна Ким «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне балалары не үшін жаңа оқу жылында сабақтан қалғанын айтып берді.

Оқушылардың білім ордасы табалдырығын аттай алмауына  мектеп директорының орынбасары кінәлі көрінеді.

Жанна Ким ері Эдуард екеуі 10 бала тәрбиелеп отыр. Олардың төртеуін 2 қыркүйек күні мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары сабаққа кіргізбей қойған. Себебі, олардың киімі мектеп басшылығына ұнамаған.

«Менің ұлымның аяғында қаракөк түсті мокасин болды. Оған  мектеп басшылығы туфли киіп келуді талап етті. Онымен қоймай, шашың дұрыс алынбаған деп тиіскен. Ал үш қызым шалбар киіп барғаны үшін жазықты болып отыр. Ол шалбарлар мектептен бөлінген  формамен бірге келген», - дейді күйінген көп балалы ана Жанна Ким. 

Осы оқиғадан кейін балалардың әкесі мектепке мән-жайды анықтау үшін барған. Оған ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығын көрсеткен. Бірақ, оның ішінде міндетті түрде тек юбка киіп, сабаққа туфлимен келу қажет деген шарт жазылмаған.

«Осыны директордың орынбасарына айтып едім, ол тыңдамастан теріс бұрылып кетті», - дейді Эдуард Ким. 

«Анықталғандай, мұндай жағдайға тап болған біздер ғана емес екен. Көптеген ата-ана осындай шарасыз күйде отыр. Бір қызды мектепке қырлы  юбка киіп келгені үшін кіргізбей қойған. Сол сияқты мысал жетерлік. Мен осындай жағдайға тап болған ата-аналарды жинап, арыз жазуды ойластырып отырмын. Балаларды не үшін сабаққа кіргізбегеніне жазбаша түрде жауап алғымыз келеді. Егер балалар шашын күлгін түске бояп, үй киімімен барса, онда қандай сын айтылса да көнер едік. Балаларымыз мектеп ережесіне сай киініп барды. Біз көп балалы отбасымыз, бірін қойып, бірін сатып алуға жағдайымыз жете бермейді, қалтамыз көтермейді», -  дейді Жанна Ким.

Бұл оқиғаға қатысты Алматы қаласының Білім басқармасы түсінік берді.

Ведомство мамандарының айтуынша, бұл жерде мектеп әкімшілігінің әрекеті заңсыз.

«Жалпы білім беру ұйымдары міндетті мектеп формасына байланысты ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 ақпанындағы бұйрығына сүйенеді. Онда ұл балалар үшін мектеп формасы ретінде пиджак, жилет, шалбар, салтанатты шара жейдесі, күнделікті көйлек бекітілген.

Ал қыз балалар үшін пиджак, юбка, шалбар, классикалық үлгідегі кеудеше бекітілген», деп атап өтті қалалық Білім басқармасынан.

Сонымен қатар, ведомство мамандары барлық сұрақтар бойынша (272-11-00) сенім білдірілген телефон нөміріне хабарласуды сұрады.

Соңғы жаңалықтар