Алматы әкімдігі «Казкоммерцбанк» АҚ-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі «Казкоммерцбанк» АҚ-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қала басшысы Бауыржан Байбек пен «Казкоммерцбанк» АҚ басқарма төрағасы Мағжан Әуезов Наурызбай ауданында 1200 орындық мектептің құрылыс мен өзге де әлеуметтік құрылыстарды несиелендіруге 300 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуге келісімге келді.

Аталған қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдерін несиелендіруге, демеушілік және қайырымдылық мақсатта жұмсалады.

Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, 2008 жылдан бері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында 117 жаңа нысан пайдалануға берілген. Олардың ішінде 42 нысан денсаулық сақтау, 26 әлеуметтік нысан, 245 тұрғын үй халық игілігіне берілді.

Биыл да күрделі макроэкономикалық ахуалға қарамастан 16 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. 5 денсаулық сақтау және 104 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Жыл соңына дейін шаңғы спортына арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады.

«Елбасы елімізде кәсіпкерлер үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Біз де қалада кәсіпкерлермен бірлесе отырып әлеуметтік жобаларды қолға алуымыз керек. Шағын және орта бизнес біздің экономикамыздың локомотиві болу керек. Бұл тек бизнес жүргізу ғана емес, жұмыс орындарын ашу, бюджетке түсімдердің артуы, әлеуметтік төлемдердің түсімі. Әр 7-ші ШОБ субьектісі Алматыда жұмыс жасайды», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, қала әкімдігі аталған банкпен бұған дейін де өзара ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді. 2010-2015 жылдар аралығында тараптар экономиканың әр саласындағы жобаларды қаржыландырған.

Өткен жылдардағы меморандум аясында да шамамен 300 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Әсіресе, үлескерлердің күрделі мәселелері шешіліп, бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асты.

Фото: Юрий Выблов

Соңғы жаңалықтар