Алматы әкімдігі қарияларды қолдаудың жол картасын қабылдады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі «Белсенді ұзақ өмір» жол картасының жобасын жасады. Бүгін Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында әкім Бауыржан Байбек жоба туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол картасы егде адамдарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін тиімді пайдалану, ұрпақтар үндестігін қалыптастыру, аға ұрпақты қолдауға бағытталған.

Бауыржан Байбек биыл елімізде Мемлекет басшысының «5 әлеуметтік бастамасының» қолға алынғандығын атап өтті.

«Ең алдымен біз әлеуметтік қолдауға зәру жандарға көмек көрсетеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бала бақшалардың ақысы екі есе төмендеді. Алматыда қабылданған Жастарға қолдау көрсету картасы аясында студенттер жатақханасы салынуда. Жас отбасылар пәтер алу үшін алғашқы төлемсіз 5% несие алады. Дегенмен, азаматтар арасында қамқорлықты қажет ететін тағы бір топ бар. Олар - бүгінгі күні Алматының 12 пайызын құрайтын егде жандар. ЭЫДҰ мүше елдерде 60 және одан да жоғары жастағылар зейнетақымен шектелмей, толыққанды өмір сүруде. Біздің қарттарымыз да өздерін тың әрі қамқорлықта екендіктерін сезінулері тиіс.Сондықтан биылғы жылды біз Алматыда аға ұрпаққа қолдау көрсету аясында өткізетін боламыз», - деді Бауыржан Байбек.

ДСҰ мәліметтері бойынша зейнеткерлерді белсенді өмірге тарту олардың жақсы өмір сүрулері мен ұзақ жасауларына себепші болады. Қазір Алматыда 222 мың зейнеткер бар.

Жобаны жүзеге асыру аясында Белсенді ұзақ өмір орталығы құрылмақ. Мұнда кітапхана, фитнес-залы, емдік йога, аэробика, шахмат, тоғызқұмалақ, домино залдары жұмыс істейді. Орталықта компьютерлік сауат ашу, ағылшын тілінің курстары, мотивациялық семинарлар мен шеберлік сыныптары ашылады. Қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастықта күн сайын тегін заңгерлік, психологиялық, медициналық консультациялар көрсетіледі.

«Әр адамның қызығушылығы бойынша клубтар жұмыс істейді. Мысалы парктер мен скверлерде скандинавиялық әдіспен жүру, топ болып музейлерге, театрларға, көрмелерге және басқаларға бару ұйымдастырылады. Жол картасының маңызды бөлігі ұрпақтар үндестігі - жастар мен егде жандардың үйлесім табуы, ол үшін біріккен экскурсиялар, ойындар, түрлі шаралар қарастырылған», - деді Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев.

Сонымен қатар, коммуналдық және коммерциялық меншік негізінде әлеуметтік клубтар ашылады. Биыл қаланың барлық аудандарында 40-қа жуық әлеуметтік клуб ашу жоспарланған.

Ақылы бассейндер, спорт залдары, би студиялары сияқты инфрақұрылымдардың қолжетімділігі әрі дене шынықтырумен және спортпен апта сайын айналысуы үшін әр ауданның орташа 100 зейнеткерін қамтитын әлеуметтік жоба жасалды.

«Біз ауылшаруашылық туризмнің тиімді құралы болып табылатын әрі әлемде баламасы жоқ Агро-краудсорсинг жобасын қолға алуды жоспарладық. Ол үшін ауылшаруашылығына қатысты жер учаскесі бөлінеді және базалық инфрақұрылымды ұйымдастыратын оператор белгіленеді. Көшеттер мен қажетті заттар операторлар мен жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Ауылшаруашылық өніміне кеткен шығынды өтеу үшін өнімнің 30%-ын оператор, алады, ал қалған 70%- ы зейнеткерге тиесілі, ол өзі пайдаланады немесе жәрмеңкеге апарып сатуына болады», - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Алматыда биыл Жол картасы аясында зейнеткерлерді қаланың белсенді өміріне тарту үшін 100-ден астам мәдени- спорттық, интеллектуалды шаралар өткізіледі. Мысалы, «Таланттар конкурсы», «Алматы- менің сүйікті қалам» фотокөрмесі және зейнеткерлер үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі.

Егде жандар арасында әлеуметтік туризмді дамытуға айрықша назар аударылады. Осы мақсатта қалалық және таулы бағыттар, экотуризм аймақтары, топтық серуендер, туристік нысандарды жаяу аралау, туризм бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Қоғамдық кеңестің отырысында арнайы Ata-Apa.kz интернет- порталын құру ұсынылды. Мұнда егде жандарға пайдалы ақпараттар, әлеуметтік және мемлекеттік бағдарламалар, еңбек биржасы және басқалар туралы хабарлар жарияланады. Мысалы, егер зейнеткер репетитор қызметін көрсеткісі келсе, үйінде отырып ұзақ өмір сүру орталығына телефон шалып, өзі туралы мәліметтерді қалдыра алады.

Бұлардан өзге, бірыңғай Call-center құру да қарастырылған, мұнда сенім қызметі ұйымдастырылып, әлеуметтік қызмет пен нысандар туралы ақпарат алуға болады. Бұқараға көрсетілетін әлеуметтік қызметтің спаасын арттыру үшін әлеуметтік зерттеулер мен қызмет алушылардың пікірін білу тұрақты жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар