Алматы әкімдігі қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген көлік иелеріне 258 млн теңге төледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген көлік иелеріне 258 млн теңге төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды ғана емес, қаңтар айындағы оқиғалар кезінде автомобильдері бүлінген немесе жойылған Алматы қаласының тұрғындарына да қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы аудандарының әкімдіктеріне автокөлік иелерінен келтірілген залалды өтеу туралы 99 өтініш келіп түсті. Жеке тұлғаларға келтірілген шығынды өтеу тетігіне сәйкес (Үкіметтің 2013 жылғы 28 тамыздағы №877 қаулысымен бекітілген Терроризм актісі салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары бойынша) жалпы сомасы 258 млн теңгеге 54 өтінім қанағаттандырылды (Алмалы ауданы – 33, Әуезов ауданы – 9, Түрксіб ауданы – 12).

Аудан әкімдіктерінің қарауында бүлінген және жанып кеткен автокөліктер жөнінде тағы 45 өтінім бар (Бостандық ауданы – 40, Медеу ауданы – 5). Олар бойынша төлемдерді биылғы жылдың 15 мамырына дейінгі мерзімде жүргізу жоспарланып отыр. Қосымша өтінімдердің түсуіне қарай Алматының аудандық әкімдіктері осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады.

«Өтініштерді аудандық әкімдіктер түскен күннен бастап 1 ай ішінде қарайды. Мүлікке келтірілген залалды бағалау өтініш тіркелген күннен бастап 7 күн мерзім белгіленеді және зардап шегушінің өзі таңдаған тәуелсіз сарапшылар жүргізеді. Бағалау бойынша шығыстарды жүргізу аудандық әкімдіктер тұлғасындағы мемлекеттік органдарға жүктелген»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар