Алматы әкімдігі қалааралық заңсыз тасымалдаушыларға күресті қолға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы билігі қалааралық жолаушылар тасымалы нарығында заңсыз жұмыс істеп жүрген компанияларды бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында полиция департаменті көлікті бақылау инспекциясымен бірге мониторинг жүргізген болатын.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде  Алматыға күн сайын 150 автобус келіп-кетеді. Олардың тек 60-ы ғана ресми түрде заңды жұмыс жасайды.

«Қалааралық және қалаға жақын маңға  жүретін көлік трафигінің 60%-дан астамы жасырын тасымалдаушылардың қолында кетіп отыр. Мұндай рейстердегі жолаушылар ағыны 30-40 мың адам болып отыр. Күн сайын заңсыз тасымалдаушылар 20-28 мың адамды тасымалдайды. Еңбек мигрантының барлық тарфигін жасырын тасымалдаушылар қамтуда", - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі мен  автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов.

Мамандардың айтуынша, көбінесе заңсыз қызмет ететіндер жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.

Салонда еріткіш лампаны, жанғыш материалдарды алып жүру, техникалық бақылаудан өтпеу апатты жағдайларға ғана емес, адам өліміне де әкелуі мүмкін.

 «БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес олардың кесірінен Алматы-Бішкек жолында жол апатынан 20-дан астам адам зардап шекті.  Заңсыз тасымалдаушылар техникалық бақылаудың қолдан жасалған карталарын көрсетеді, рейс алдында медициналық бақылаудан өтпейді. Табыстары жоғары болғанымен, салық төлеуден қашып, жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді. Оларды тасымалдау кезінде ешқандай жағдай жасамайды», - деді  жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығының президенті  Дана Ахатова.

Сондай-ақ,  жасырын бизнес ресми тасымалдаушылар жұмысына және жергілікті бюджетке едәуір нұқсан келтіреді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экономикадағы көлеңкелі айналымды 3 жыл ішінде кем дегенде 40%-ға дейін қысқарту керектігін атап өткен еді.

Бүгінде осы бағытта әкімдік тарапынан көп жұмыс атқарылды.

«Сәлем» автобекеті іске қосылды ол жақын арада Түркістан және ШҚО жолаушыларына  жиі қызмет көрсетеді. Жақында «Сайран», «Саяхат» автовокзалдарынан да жаңа бағыттар ашылады.

Бүгінде  «Саяхат» бекеті 10-15%-ға  ғана жұмыс істеп тұр.

Пилотты режімде қала маңына қатынайтын әлеуметтік бағыттар ашылатын болады. Билеттерді онлайн сатудың бірыңғай электронды жүйесін енгізу қарастырылуда. Өкілетті органдар мен базар басшыларына жүк тасымалдау үшін логистикалық компанияларды тарту ескертілді.

«Жыл аяғына дейін заңсыз тасымалдаушылар қызметі жойылады, негізгі бағыттар ресми түрде қамтамасыз етіледі», - дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері.

Соңғы жаңалықтар