Алматы әкімдігі ғимаратын жөндеу 2023 жылы аяқталады

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары алдағы көктемде аяқталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз брифингі барысында журналистер әкімге Алматыдағы өртенген Президент резиденциясы және әкімдік ғимаратына қатысты сұрақ қойды.

«Резиденция бұзылып жатыр. Бұрын бұл нысан әкімшілік ғимарат болып белгіленсе, енді оны саябақ аймағына ауыстыру қажет. Әкімдікке жақын орналасқан саябақпен біріктірмекпіз. Ол Сәтбаев көшесіне дейін созылады», - дейді Ерболат Досаев.

Әкім қала құрылысы кеңесінің мүшелерімен саябақ аймағының жобалық-сметалық құжаттамасы талқыланатынын жеткізді.

«Ал, ғимаратты жөндейтін бес компаниядан консорциум құрдық. Оны бұзудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жұмысты жыл аяғына дейін аяқтаймыз деп жоспарлағанбыз, бірақ күрделі жобалық шешімдерге байланысты кейінге қалдырылды. Бұл ғимараттың өзіне емес, металы жанған күмбезді залына байланысты. ҚазҚСҒЗИ шатырды жеңілдетіп, жеңіл әрі қауіпсіз етудің шешімін тапты. Әкімдіктің жөндеу жұмыстары келесі жылы, яғни 2023 жылы Наурыз мейрамына дейін аяқталуы тиіс», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар