Алматы әкімдігі бірқатар басқарманы таратпақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессия барысында Бауыржан Байбек пен оның орынбасарлары қатысқан жиын барысында әкімдіктің жаңа құрылымын бекіту мәселесі сөз болды.

«Жаңа құрылым біздің алдымызда тұрған міндеттерді атқаруға, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, қоғам сұранысына сәйкес құрылады. 12 басқарманың атауы өзгереді, 5 басқарма таратылып, олардың функциясы басқа құрылымдарға беріледі», - деді қала әкімінің орынбасары Әсел Жүнісова.

Оның айтуынша, бұл шара басқармалардың басқарушы құрамын 12 пайызға қысқартуға мүмкіндік бермек.

«9 басқарма біріктірілетін болады: Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма, Дін істері жөніндегі басқарма қоғамдық даму басқармасы болып бірігеді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы Қала құрылысы бақылауы басқармасына біріктіріледі. Ал Еңбек инспекциясы және Көші-қон басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы болып аталатын болады.

Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасына біріктіріледі», - деді Әсел Жүнісова.

Сонымен қатар тілдерді дамыту басқармасы таратылып, оның функциясы әкімдікте ашылатын тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығына беріледі.

«Қаржы басқармасы бойынша, бюджеттің орындалуын бақылау функциясы Бюджеттік жоспарлау басқармасының құзырына беріледі. Туризм басқармасына тиісті сыртқы байланыс функциясы Алматы әкімдігінің аппаратында құрылатын халықаралық әріптестік қызметіне тапсырылады», - деді ол.

Одан бөлек, Алматы әкімдігі аппараты жанынан қадрлық қызмет аясындағы қызметкерлер дамуының бірыңғай қызметі құрылатын болады.

Сонымен қатар, 12 басқарманың атауында өзгеріс болады.

Құрылыс басқармасы - Ыңғайлы қала ортасы басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы - Жасыл экономика басқармасы, Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы - Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы - Қалалық мобильділік басқармасы деп аталатын болды.

Сонымен қатар, Қаржы басқармасы - Мемлекеттік активтер, Сәулет және қала құрылысы басқармасы - Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы - Бюджет стратегиясы басқармасы, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы - Тұрғын үй саясаты басқармасы деп аталатын болады.

Сонымен қатар, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы - Туризм басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы - Қоғамдық денсаулық басқармасы, Мәдениет және архив басқармасы - Мәдениет басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы - Спорт басқармасы деп аталады.

Соңғы жаңалықтар