Алматы әкімдігі 20 мың оқушыны мектепке дайындайды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда мұқтаж отбасылардан шыққан 20 мың оқушы Жаппай оқыту қорынан көмек алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Жаппай оқыту қорынан берілетін көмек сомасы бір балағы - 43 мың теңге. Бұл мектеп формасы мен кеңсе заттарын сатып алу үшін беріледі. Айта кетейік, Жаппай оқыту қоры жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

«Биыл материалдық көмек алу құқығына 20 мыңға жуық оқушы ие болды. Атап айтар болсақ, оған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мемлекеттік АӘК алмайтындар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті талап ететін отбасылар және білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары жатады»,- деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Алғашқы екі жағдайда ата-ана немесе заңды өкіл eGov немесе халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы өтініш беруі қажет. Басқа жағдайларда білім беру ұйымына растайтын құжаттарды ұсыну керек. Тізімдер оқу жылында бір-ақ рет жасалады.

Жоғарыда аталған санаттарға кірмейтін оқушылар «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» республикалық акциясы аясында демеушілер мен меценаттар есебінен көмек ала алады. Акция биыл 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекте аяқталады.

Бүгінде демеушілер мектеп формасының 4,5 мыңнан астам жиынтығын және мектеп керек-жарақтары бар мыңдаған рюкзактар сатып алды. Қазіргі кезде аудандық білім бөлімдерінде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» акциясы аясында мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын алу үшін оқитын жері бойынша білім беру ұйымына өтініш беру қажет.


Соңғы жаңалықтар