Алматы – Ахмет Байтұрсынұлының өмірінде үлкен орын алған қала – профессор

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірінде алар орны ерекше. Бұл туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ахаңның қайраткерлік қызметінің соңғы кезеңі, тіпті қуғын-сүргінге ұшырап, атылғанға дейінгі кезеңнің барлығы Алматыда өткен. Алматыда Ахаңның тұрған үйі бар. Қазақша айтқанда, Алматы - Ахаңның табанының ізі қалған, тері сіңген, қайраткерлік қызметі өткен қала. Сондықтан Алматы қаласының Ахаңның мерейтойында алатын маңызы жоғары болу керек»,- деді ғалым.

Оның айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы қызметінде әлі зерттейтін, сыры мен қыры ашылмаған мәселелер көп.

«Мәселен, Ахаңның қазақтың жалпы ұлттық идеологиясын жасаудағы, жалпы түркология мәселесіндегі үлкен орны әлі күнге дейін толық зерделеніп біткен жоқ. Осыған орай, біздің М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының академиялық толық шығармалар жинағын дайындады, ол жақында басылып шығады. Айту керек, Ахаңның шығармалары әлі толық жиналып біткен жоқ. Оның табылмаған, әлі жарияланбаған еңбектері бар. Мысалы, соңғы кезде оның Ленинге жазған үш хаты табылды. Осы үш хаттың өзінен Ахаңның ұлттық ұстанымы, саяси көзқарасы, айқын, ашық көрінеді» - деді Кенжехан Матыжанов.


Соңғы жаңалықтар