«Алматы 2017 Универсиадасы» Түркияда ашылған спорт әлемінің көрмесінде таныстырылуда - ФОТО

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркияның Белек қаласында сәуірдің 6-11 аралығында спорт әлемінің ең ірі халықаралық «Sport accord» көрмесі өтіп жатыр. Аталған шараға Қазақстан атынан «Алматы 2017 Универсиадасының дирекциясы» қатысуда.

Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне «Алматы 2017 Универсиадасы дирекциясының» баспасөз маманы Нұрлан Түсіпов хабарлады.

«Біздің топ Алматы, Қазақстан, қазақ спорты туралы ақпараттық беттер, түрлі кәдесыйлар, футболка, бас киім, тағы басқа таныстыру бұйымдарын таратып, түрлі жобаларын ұсынуда. Сонымен қатар, шара аясында спорт менеджменті туралы семинарлар өтуде. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері осы семинарларға, отырыстарға қатысуда», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл халықаралық шараға әлемнің әр түкпірінен халықаралық Олимпиада комитеті, Студенттік спорт федерациясы, атақты спорттық брендтер, компаниялар, жазғы және қысқы Олимпиадалық спорт түрлері федерациялары өздерінің өнімдері мен жобаларын және жетістіктерін көрсетуде.

«Мұндай шаралар өз кезегінде әлемдік деңгейдегі спорттық шараларды ұйымдастырған ұйымдардың озық тәжірибелерін үйреніп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл шараға Алматы 2017 Универсиадасының дирекциясының қатысуы Қазақстанды, Алматы қаласын шетелдік аренада таныстыруға септігін тигізбек», - деді Нұрлан Түсіпов.

Соңғы жаңалықтар