Алматы-2 вокзалында екінші терминал салынбақ

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат -  «ҚТЖ» АҚ ҰК Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің ескертпелерінен соң темір жол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстарын  жылдамдатуды қолға алмақ,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28-наурызда қоғамдық кеңес мүшелері Алматы вокзалдарын аралап, жай-күйін бақылаған болатын.

Мониторинг барысында вокзалдар қайта жаңғыртуды талап етіп отырғандығы анықталған.

Бүгін ҚТЖ вокзал шаруашылығы бойынша атқарушы директоры Жұбан Көрпебаев Алматы вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қалай өтетінін айтты. 

«Қазір техникалық жобаға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Жобалаушымен біріге отырып, жерасты жолының шыға берісін қосымша эскалаторлар салу арқылы кеңейту жоспарда бар. Алматы-1 вокзалы бойынша өзгерістерді ескере отырып, жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеуді биыл жетлоқсанда аяқтау ойда бар. Желтоқсаннан бастап құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісеміз. Құрылыс жұмыстары келер жылы желтоқсанда аяқталуы тиіс», - деді  Жұбан Көрпебаев.

Оның айтуынша, бүгінде Ұлттық компания мен Алматы әкімдігі арасында қаланың темір жол вокзалдарын жөндеу және қалпына келтірудің Жол картасы қабылданған.

«Алматы-1 вокзалы бойынша ғимараттың қасбетін алға қарай шығарып, негізгі платформаны кеңейту көзделген. Бүгінде онда екі эскалатор жұмыс істеп тұр. Ол бүгінде жолаушылар ағыны үшін тарлық етіп отыр. Ал, Алматы-2 вокзалының ғимараты шағын, сыйымдылығы өте төмен.  Сондықтан,  Желтоқсан көшесінде жаңа терминал құрылысы жоспарланған. Алматы-2 вокзалы бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылдың ортасына дейін жалғаспақ", - деді Жұбан Көрпебаев.

ҚТЖ өкілі сыртқы қатынасты Алматы-1 вокзалынан 2-Алматыға ауыстыру жоспарда барын айтты.

«Екінші жолды ашқан соң Талғар, Қапшағай қатынастарын Алматы-2-ге кіргізуге болады. Жоба аяқталған соң қоғамдық тыңдау өткізіледі», - деді ҚТЖ өкілі.

фото:railwayz.info

Соңғы жаңалықтар