«Алматы-2 – Маңғыстау» жолаушылар пойызының локомотиві және 13 вагонына зақым келді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы Шоқысу стансасында жүк пойызына тиелген тиелген кран қозғалып кетіп, жебесімен «Алматы-2 – Маңғыстау» жолаушылар пойызының 13 вагонына зақым келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«9 қыркүйекте Ақтөбе бөлімшесінің Шоқысу стансасында жүк пойызының 26-шы вагонына тиелген кран жебесінің конструкциясы қозғалып кетіп, көрші жолдағы жолаушылар пойызының локомитиві мен вагондарын сырып өткен. Атап айтқанда №77 «Алматы-2 – Маңғыстау« жолаушылар пойызы локомотивінің шанағы сырылып, буферлік шамы бүлінсе, 13 вагонға түрлі зиян келтірілді. Соның ішінде 2 вагонда терезелер сынған, 2 вагонда тұтқалар жұлынған», делінген хабарламада.

Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Жолаушы пойызы 17 минут кідірістен соң қайта жолға шықты. Қазір осы жағдай бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар