«Алматы-1» теміржол вокзалы маңында метро стансасы салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Метропроект» ЖШС-нің жобалаушы бас инженері Павел Московчук Алматының Түрксіб ауданында метрополитенді дамыту жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түрксіб ауданында метрополитенді дамыту  маңызды оқиға. Біз бүгін Түрксіб ауданы бағытына қарай бірінші метро желісін жүргізу сызбасын көрсетіп отырмыз. Қазіргі Райымбек батыр стансасынан солтүстік бағытқа қарай, қаланың төменгі бөлігіне, Сейфуллин көшесі бойымен созуды ұсынып отырмыз», - деді Павел Московчук.

Оның айтуынша, жоспар бойынша Түрксіб ауданында Жансүгіров пен Сейфуллин көшелерінің қиылысы, Сейфуллин бойымен Ақан серіге бұрылып, Жұмабаев-Сейфуллин қиылысында және «Локомотив» стадионы бағытында метро стансалары пайда болады.

«Келесі метрополитен стансасы Алматы-1 теміржолы ауданында болады. Одан кейінгі стансаны біз Бекмаханов-Жансүгіров көшелерінің қиылысында салмақпыз. Мұнымен тоқтамай, метро желісі қаланың төменгі бағытына қарай түсіп, Первомайка ауылына жетеді. Онда «Солтүстік автовокзал» стансасын салуды жоспарладық», - деді ол.

Инженердің айтуынша, метро желісі Қоянқұс Ынтымақ ауылдарына дейін ұзаруы мүмкін.

«Тұрақты және жеткілікті қаржы болса, мұны 5 жылда жүзеге асыруға болады», - деді Павел Московчук.

Соңғы жаңалықтар