Алмат Қодасбаев: Жүрек - адамның ең негізгі әрі нәзік ағзасы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Кардиохирург-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Алматы кардиология орталығының бастығы Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев ҚазАқпарат тілшісіне медицина саласына артылған жауапкершілік пен оның заман талабына сай дамуы туралы әңгімелеп берді.

– Алмат Тұрысбекұлы, әлемді әбігерге салған СOVID-19, ең алдымен дәрігерлерге үлкен салмақ түсірді.Коронавирус инфекциясымен ұйқысыз, демалыссыз күресіп жатқан әріптестеріңіздің еңбегін қалай бағалайсыз?

– Бүгінгі әлемде болып жатқан қиын - қыстау дүрбелең кезеңді Қазақ елі де бастан өткеріп жатыр. Бұл бейтаныс жұқпалы вирус індетінің тарап кетуі қазіргі кезде әлемдік деңгейдегі шешілмеген мәселе болып тұр. Індеттің өршіп тұрған кезінде, еліміздің қайсар, батыр мінезді дәрігер ұл-қыздары, аға-апаларымыз алдыңғы шепте жүріп табанды еңбек етті. Олардың мақсаты адамзаттың денсаулығы үшін күрес, вирус жұқтырып алған ел азаматтарының отбасыларына аман-есен оралуына ықпал ету болып отыр. Біз өз борышын атқару, яғни аурумен күрес барысында қаза дәрігерлерді, біз үшін жанын пида еткен аяулы азаматтарымызды ұмытпауымыз керек.

– Сізді халық білікті кардиохирург маман ретінде таниды және медицина саласында ұзақ жыл еңбек етіп келесіз. Қазіргі медицинаныңдаму қарқыны қалай ?

– Медицина саласы – ең өзекті, адамзатқа қажетті маңызды саланың бірі. Адам баласы медицина мамандығын таңдағанда халықты емдеуге қол ұшын берем, олардың ақ батасын алып, өмірлерін сақтап қалам деген мақсатпен келеді. Дәрігер мамандығын таңдау арқылы атақ-даңққа, мансапқа ұмтылу арқылы келмейді, қалай адам жанын өлімнен арашалап, оған екінші өмір сыйласам деген ақ адал ниетпен келеді. Өйткені «дәрігер» қасиетті ұғым. Қазіргі денсаулық сақтау саласы үлкен реформалар мен өзгерістерге толы. Қазір шетелде бар жоғарғы технологиялық көмек түрі біздің елімізде де бар. Мемлекет халық үшін барлық жағдайды жасаған. Біз шетелде жасалатын күрделі операцияларды өз Отанымызда да жасаймыз. Бұл нәтижелі жетістіктер мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласына көңіл бөліп жатқандығынан деп білемін.

– Ресми статистикаға жүгінсек, жүрек-қан тамырлар ауруларының көрсеткіші бойынша Қазақстан алдыңғы орында. Себебі неде деп ойлайсыз?

– Жүрек-қан тамырлар ауруларының көрсеткіші бұл біздің елде ғана емес, дүниежүзін толғандырып отырған мәселе. Жүрек – адамның ең негізгі нәзік ағзасы. Қайғы-қасірет, қуаныш, әр түрлі ауыртпалықтар басқа ағзаларға емес, ең бірінші жүрекке әсер етеді. Сол себептен күнделікті күйбең тіршілік барысында болып жататын қиындықтар мен келеңсіздіктерді жүрекке түсіріп алмау керек. Мүмкіндігінше, болашаққа сеніммен қарап, жақсы дүниелерді көп ойлау керек. Қазіргі денсаулық сақтау саласының негізгі бағыты ауруды болдырмау, оның алдын алуға бағытталған. Сол себепті адамзат баласы саламатты өмір салтын ұстанып, үйлесімді тамақтанып, дұрыс ұйықтап, қолайлы еңбек жағдайында жұмыс істеп, ең бастысы отбасыңа көңіл бөлсе, одан асқан бақыт жоқ.

– Өзіңіз басқарып отырған кардиологиялық орталыққа жүрек ауруына шағымданып келетіндер көп пе ?

– Біздің мекеме Алматы қаласындағы жүрек ауруын емдейтін жалғыз орталық. Әрине, Алматыда орналасқан республикалық және жеке меншікті жүректі емдейтін ұйымдарды санамағанда. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев осыдан 15 жыл бұрын кардиология және кардиохирургия саласын дамытамыз деп Жарлық шығарды. Осы Жарлықтың нәтижесінде елімізде жүректі емдейтін көптеген орталықтар ашылды.

Біздің кардиологиялық орталық Алматы қаласының тұрғындарына ғана қызмет көрсетіп қана қоймай, қалаға іссапармен немесе басқадай себептермен келіп, орталықтан көмек сұраған азаматтардың барлығына бірдей, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамай, қолдан келетін көмекті көрсетеді. Бізде әр түрлі жастағы науқастар емделіп, ота жасап, өз ризашылықтарын білдіріп, алғысын айтып жатады. Емделіп шыққан науқастар тарапынан айтылып жатқан алғыс сөздер тек маған айтылған алғыс емес, бұл орталықта қызмет ететін дәрігерден бастап кіші медбикеге дейінгі, барлық саланың мамандарына қатысты. Өйткені біз емдеу шараларының дұрыс жолдарын өзара ақылдаса, кеңесе отырып жүргіземіз. Соның арқасында көптеген науқастарды аман алып қалдық және біз олардың жанашыр тұлғалары бола береміз.

– Кардиология орталығы кандай жетістіктерімен мақтана алады?

– Ең біріншіден орталықтың негізгі қызметкерлерін жас буын құрайды. Олардың шет мемлекеттердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуы үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен 2015 жылы біздің орталық Оңтүстік Корея мемлекетінің, Северанс қаласының, кардиологиялық орталығымен екі жақты меморандумға қол қойды. Сол арқылы біздің 20-дан астам мамандарымыз Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасса, ол жақтың мамандары бізге келіп шеберлік сыныптарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Сол секілді әлемге әйгілі, белгілі кардиохирург Римантас Бенетис осы орталықта онлайн форматта 4-5 шеберлік сыныбын (ота жасау) өткізді. Осы онлайн тікелей формат арқылы Қазақстанның түкпір- түкпірінен келген жас қардиохирург дәрігерлер дәріс алып, өз ризашылықтарын білдірді. Әрине, айта берсек осы орталықтың жеткен жетістіктері ұшан-теңіз!

Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар