Алмасайлықтар абыр-сабыр: ШҚО-дағы ауылда сайлау қалай өтіп жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтуде. Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендер халқы осындай маңызды сәтте тасада қалмай, бір кісідей дауыс беріп жатыр. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі Ұлан ауданы Алмасай ауылдық округіне барып, сайлаудың қалай өтіп жатқанын көріп қайтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізіліп отырған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы 25 шілде күні болатындығынан ауыл жұртшылығы бұрыннан хабардар. Туған жерінің келешегіне немқұрайлы қарамайтын бұқара өзі сенім білдірген кандидатқа дауыс беру үшін бүгінгі демалыс күнінде сәл-пәл ерте оянды. Сөйтіп, Алмасай ауылдық округінің болашақ әкімі анықталатын сайлау таңғы сағат 07.00-де әнұранмен басталды.

Ауыл тұрғындары 3 кандидаттың бірін таңдай алады. Олар: Саят Асанов, Айжан Малимбаева, Саят Тұрарбаев. Сондай-ақ сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» жазуы енгізілген.


Дауыс беруге келген азаматтардың жас шамасы әр түрлі. Олардың арасында жастар да қарттар да бар. Барлығының көздегені бір – ауылдың көркеюі үшін барын салатын басшыны таңдау.

«Осындай сайлаудың өтіп жатқанын мұқым ел қолдап отыр. Ауылымызға Алмасайдың тыныс-тіршілігінен хабардар әкім келсе дейміз. Себебі ол мұндағы мәселелерді жақсы біледі, халықтың мұң-мұқтажын ескерусіз қалдырмайды деп сенемін. Осы ауылда 50 жылдан астам уақыт тұрамын. Бір үйден 4 адам келіп, дауыс бердік», - дейді Алмасай ауылының тұрғыны Мәлік Ибраев.

Алмасай ауылдық округінде 1400-ге жуық адам тұрады. Мұнда 2 мектеп, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4 дүкен, мәдениет үйі мен наубайхана бар. Наубайхана халықты түгел нанмен қамтамасыз етуде.


«Әкімді халық сайлайтыны өте дұрыс бастама болды. Бұрындағы сияқты тағайындала салғаннан гөрі, жұрттың ықыласымен қызметке кіріскен адам жауапкершілікті сезініп, ел игілігі үшін тер төгеді деп ойлаймын. Осыдан кейін ауылымызда оң өзгерістер болатынына кәміл сенеміз. Жастар жұмыспен қамтылып, жол жөнделіп, жағдайы нашар отбасыларға баспана берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Өзім көпбалалы анамын. 11 бала тәрбиелеп, ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым», - дейді «Алтын алқа» иегері Баян Сәбитова.

Алмасайлықтардың арасында мал шаруашылығымен айналысып, нәпақасын тауып жүргендер аз емес. Солардың бірі – «Қабдразақ» шаруа қожалығының басшысы Нұртілек Сағатов.

«Ауылды бес саусағындай жақсы білетін, тұрғындарымен етене таныс азаматтың әкім болғаны құба-құп. Сондай адам ауылдың даму жолында еңбек етеді. Алмасайда атқарылар жұмыс аз емес. Балаларға ойын алаңдары, жастарға спорт нысандары салынса деген тілегіміз бар. Осы ретте, айта кететін мәселе – қоқыс төгетін орынның Сарыөзек өзеніне тым жақын орналасқандығы. Оны басқа жерге көшіру керек. Өйткені ертең қоқыс жайылып, өзенге жетсе мал ауырып, үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін. Міне, жаңа әкім осындай олқылықтардың орнын толықтырады деген сенімдеміз», - дейді ол.


№963 Алмасай учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Тоғжан Жүнісбаеваның айтуынша, таңертеңнен бері дауыс беруге келіп жатқан адамдардың қарасы біршама. Түске дейін жүзден астам тұрғын өз таңдауын жасап кетті.

«Сайлау барлық талапқа сәйкес өтуде. Тұрғындар маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауда. Жұртшылықтың белсенділігі жоғары», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар